Көбі қызылша мен желшешек ауруларын неге шатастырады?
Екі жағдайда бөртпе мойын мен бастан бастап, бүкіл денеге тарайды
Осыған байланысты көбі қызылша мен желшешек ауруларын ажырата алмай қалатын көрінеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қызылша (корь) ауруы алғаш бас көтергеннен бері дәрігерлер дереу дабыл қағып, үлкен-кішіні сақтандыруға көштік. Сонда бір байқағанымыз, көп ата-ана "біздің баламыз кішкентай күнінде ауырып кеткен, қайта ауыра қоймаспыз" деп жатты. Сөйтсек, олардың желшешек (ветрянка) пен қызылшаны шатастырып жүргенін білдік. Бұл өте үлкен қателік, - деді №2 қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологы Нұржанат Тоқтарбаева.
Оған негіз де жоқ емес. Өйткені екі жағдайда да ұқсастықтар бар.
Екі жағдайда бөртпе мойын мен бастан бастап, бүкіл денеге тарайды. Қызылша кезінде қызыл бөртпе теріде ғана емес, ауыз қуысында да пайда болады. Ал желшешек кезінде, негізінен бөртпелер мен дене температурасының аздап жоғарылауы инфекцияның алғашқы симптомдары болып табылады, - дейді Нұржанат Шайсолтанқызы.
Бөртпе – папула-везикулезді болып келеді, қышиды және дененің әр жерінде орналасады. Бір ерекшелігі – шаш арасына да бөртпелер шығады.
Алғашқы күні дақтың ортасында көпіршік (везикула) пайда болады, ішінде мөлдір серозды сұйықтығы бар. Екі күннен кейін көпіршіктер көбейеді, қабыршақ пайда болады, ол түскеннен кейін, тек жылдам кететін азғантай ғана дақ (пигментация) қалуы мүмкін. Бөртпелер жұтқыншақ, ауыз қуысы, көмей, қас, жыныс мүшелерінің кілегей қабаттарында да болуы мүмкін.
Ал қызылшаның жасырын кезеңі 8–15 күн. Алғашқыда жедел респираторлық белгілер байқалады (ринит, фарингит, конъюктивит, фотофобия, дене қызуының 39°С-қа дейін көтерілуі). Содан кейін 3-4-ші күндері шырышты қабаттарда және теріде түйіншекті-таңдақты бөртпелер пайда болады. Бөртпе жоғарыдан төмен қарай тарала бастайды: алдымен бетте, маңдайда, құлақтың артында, сонан соң кеудеде, қол және аяқтарында. Бөртпе пайда болудан 1 тәулік бұрын ұрыттың шырышты қабатында майда (диаметрі – 1 мм), қызыл жиекпен қоршалған Бельский-ФилатовКоплик дағы пайда болады. Ол қызылшаны дифференциялаушы белгі болып табылады. Ауру 9 күнге созылады, бөртпе ешқандай із қалдырмай біртіндеп кете бастайды, - дейді эпидемиолог маман.
Қызылшаға қарсы егу жоспарлы түрде екі рет жүргізіледі: біріншісі баланың 1 жасында, ал екіншісі 6 жаста. Қазіргі күні қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы профилактикалық иммундау жүзеге асырылуда.Сонымен қатар, облыста Жаппай иммундау науқаны да жүріп жатыр.
Желшешекпен ауырған жағдайда гигиеникалық күтім және дәрігердің ұсынымдарын орындау қажет. Ал қызылшаның емі: науқасты бөртпе пайда болғанға дейін 5 күнге дейін, пневмония болса, 10 күнге дейін оңашаулау керек; науқаспен қатынасқандарды 21 күнге оқшаулау; қызбаның бүкіл кезеңі мен дене қызуы қалпына келгенше алғашқы 2 күн төсекте жатып емделу қажет, – дейді Нұржанат Тоқтарбаева.