ШҚО депутаттарына мемлекеттік орган басшыларымен тікелей тілдесуге мүмкіндік жасалды
Бүгін Шығыс Қазақстан облысы бойынша "Amanat" партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының I өңірлік форумы өтіп жатыр
Форум халық қалаулылары мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы байланысты нығайтуға негізделген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Форум аясында депутаттардың пленарлық отырысы өтті, артынша депутаттар мемлекеттік органдардың басшыларымен тікелей байланыс орнатып, маңызды мәселелерді талқылайды. Сонымен қатар, депутаттарға ҚР Президентінің Мемлекеттік басқару жанындағы академиясының профессорлары шеберлік сабақтарын өткізеді.
Бүгінгі форумға облыстағы барлық деңгейдегі депутаттар шақырылған. Депутаттармен қатар мемлекеттік органдардың бірінші басшылары қатысуда. Форумның мақсаты – депутаттар мен жергілікті атқарушы орган арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Өйткені депутаттар тарапынан мемлекеттік органдарға көптеген сұрақтар туындайды. Сол сұрақтарды бірлесіп талқылап, бірлесіп шешу жолдарын қарастыратын боламыз. Ал шеберлік сағатында депутаттардың халық алдында өзін-өзі ұстау, психологиялық жағынан көмек көрсету, қаржылық сауаттылық, әлеуметтік желідегі жұмыс бойынша дәріс алады, - дейді "Amanat" партиясының ШҚОФ төрайымы Сайрангүл Жұмаділова.