Өскеменде әскерилердің балалары арасында дзюдодан жарыс өтті
"Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты №27943 әскери бөлімінде дзюдодан балалар арасында ашық біріншілік өтті
Бозкілемде 2013-2016 жылғы жас өрендер кездесті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
№27943 әскери бөлімі ұйымдастырған сайысқа әскери қызметшілердің балалары қатысты. Шараның мақсаты - жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Бұқаралық спорт түрлерін дамыту, дзюдо күресімен айналысып жүрген өрендердің шеберлігін шыңдау.
Жас балуандардың дайындығын пысықтау және тәжірибелерін жетілдіру мақсатында осындай сайыс ұйымдастырдық. Әскери қызметтің әлеуетін арттыру да маңызды. Оның үстіне бұндай жиындардың әскери қызметшілердің отбасылары арасындағы байланыстың нығая түсуіне де септігі бар, - деді Өскемен гарнизоны №27943 әскери бөлімінің гарнизондық спорт кешенінің бастығы Талғат Амренов.
Дзюдо – аса ептілікті талап ететін, ерекше күрес түрі. Балалар арасындағы бәсекеге 70 жуық қатысушы жиналды.
Мен бүгінгі сайысқа жақсы дайындықпен келдім. Жеңіске жету үшін барымды салдым. Қарсыластарым мықты. Әр кездесу оңайға соқпады. Дегенмен қажырлы еңбектің арқасында 32 келі салмақта жеңімпаз атандым, - деді жас спортшы Алдияр Социал.
Өскелең ұрпақтың патриоттық рухын көтеретін дзюдо күресі облыста қарқынды дамып келеді әрі мұндай шара бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Біріншілік жүлдегерлері арнайы диплом мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.