Әскери қызметте жүріп те әлем тілдерін меңгеруге болады
Еуропада білім алған Бағжан Отанына оралып, әскери қызмет атқаруда
Жеті тілді жетік білетін ол ШҚО-ға Алматыдан шақыртылған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Бүгінде "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты №6699 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген Бағжан Болатұлы жеті тілмен тоқталып қалмақ емес. Шет тілдеріне деген қызығушылығы музыка тыңдаудан басталған азамат студенттік жылдарын Түркияда өткізген.
Мен орыс, ағылшын, түрік, әзірбайжан, испан, француз, чех тілдерін білемін. "Бір тіл білген - бір адам, екі тіл білген - екі адам" деген нақыл бар. Сондықтан тіл үйрену арқылы сол ұлттың мәдениеті және дәстүрімен танысуға болады. Менің полиглот болуыма Еуропа елінде білім алғаным әсер етті. Себебі ол жақтағы менің қоршаған ортам көптілді болды, - дейді қатардағы жауынгер Бағжан Болатұлы.
Полиглот мерзімді қызметін өткергеннен кейін әрмен қарай әскери бөлімде келісімшарт бойынша қызметке тұрмақ. Жауынгер әскери салада жүріп те шет тілін игере беруге мүмкіндік барын алға тартады. Сондай-ақ, қатардағы сарбаз лингвистикалық біліміне зейін қойған қаруластарына кеңес беріп, жол нұсқаудан еш тайынған емес.
Қазіргі жаһанданған заманда шет тілдерін білудің өзектілігі зор. Сондықтан әскери қызметшілер де тіл меңгеруге үлкен қызығушылық танытуда. Осы орайда Бағжан арқылы бағдарын айқындап, бағытын түзегендер өте көп. Олардың әрқайсысы жеті жұрттың тілін білетін жауынгерге алғысын білдіруде, - дейді №6699 әскери бөлім командирінің орынбасары майор Саибжан Сагдуллаев.
Бағжан алдағы уақытта жапон, парсы тілдерін үйренсем дейді. Ол үшін жеке қойын дәптер деп бастап қойыпты. Он тілден артық тіл меңгеремін деп жүйелі жоспар құрған талапты жас үшін ана тілінің орыны бөлек. Азамат өзге тілге бет бұрмас бұрын, алдымен бойыңа ана сүтімен дарыған қазақ тілін сіңіріп алу керек деп есептейді.