Шығыстың жігіттері әскери борышын өтеуге Қарағандыға аттанды
Шығыс Қазақстан облысынан 17 сарбаз Қарағанды қаласындағы Ұлттық ұланның құрамына шақыртылды
ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің Өскемендегі №6699 әскери бөлімінде "Әскерге шақырылушылар күні" өтті, деп хабарлайды "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
Жас сарбаздар және олардың ата-аналары қатысқан шарада № 6699 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының аға көмекшісі капитан Нұрбек Жукубаев Ұлттық ұлан қатарында қызмет етудің артықшылықтарын түсіндірді, сұрақтарға жауап берді.
Жиналған жас толым легі Ұлттық ұлан қатарына қабылданбақ. Олар "Орталық" өнірлік қолбасшылығына қарасты №6505 әскери бөліміне аттанды.
Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышымды өтеу мен үшін зор мақтаныш. Сондай-ақ, әскер сапындағы сарбаздарға мемлекет тарапынан толассыз қолдаулар мен жеңілдіктер барын да естіп жатамыз. Бұл да менің құлшынысыма серпін берді деп ойлаймын, - дейді әскерге шақырылушы Бекарыс Марсыбаев.