ШҚО-да жұмыртқа мен күріш бағасы қымбаттаған
Өңірде өзге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуін тежеу жұмыстары жалғасуда
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының сауда саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі бөлімінің бас маманы Жадыра Ерланова мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE.
Оның айтуынша, жұмыртқа мен күріш бағасының өсуіне қарамастан, қалған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тежеу бойынша барлық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мемлекет тарапынан құс фабрикаларына дотацияның болмауы, коммуналдық қызмет, ЖЖМ, жемшөп, дәруменді қоспалар және т.б. бағалардың өсуі тауық жұмыртқасы бағасының көтерілуіне себеп болса, күріштің бағасы Қызылорда облысы өндірушілерінің көтерме бағаны өсіруіне байланысты болды, - деді Жадыра Ерланова.
Облыста "айналым схемасын" іске асыру жалғасуда. Бюджеттен 4,2 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып отыр, жыл басынан бері 447 жәрмеңке өткізіліп, 1,7 млрд теңгенің өнімі сатылды.
Комиссия шешіміне сәйкес қазіргі уақытта 9 тауарға (4 - жеміс-көкөніс және 5 бакалея тобы) қатысты тұрақтандыру тетіктері іске асырылып жатыр, - деді "Ертіс" ӘКК АҚ Бағаны тұрақтандыру департаментінің директоры Артем Демидов.
Оның айтуынша, жеміс-көкөніс өнімдері 24 сауда павильонында және ӘКК өнімді өткізу туралы меморандум жасасқан 34 сауда нүктесінде сатылады.
Бакалея тобы бойынша тегістелген күріш, қарақұмық жармасы, қант, макарон өнімдеріне және тазартылған күнбағыс майына қатысты бағаларды тұрақтандыру жүзеге асырылады. Бакалея тобы бойынша жиынтық келісімшарт көлемі 5 мың тоннадан асады. Бағаны тұрақтандыру тетіктерін дамыту мақсатында ӘКК "Алтай" көтерме-тарату орталығын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асырады. Бұл нысан жалпы ауданы 20 мың шаршы метр көкөніс сақтау қоймаларынан және ауданы 2,2 мың шаршы метр кросс-доктан тұрады. КТО іске қосу ағымдағы жылдың 4 тоқсанына жоспарланған, - деп атап өтті спикер.