Өскемендегі Энтузиастар көшесінің атауы өзгереді
Күленов кентіндегі Энтузиастар көшесіне шығыстың аңыз атасы Бошай Кітапбаевтың есімі беруілуі мүмкін
Бұл туралы Бошай Кітапбаевқа арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мәлімдеді.
Бошай Кітапбайұлы - жазушы, шежіреші, атбегі, Социалистік Еңбек Ері, ҰОС ардагері. Шығыстың аңыз атасының 100 жылдығына орай өзі тұрған Өскемен қаласының Өтепов көшесіндегі 31/4-үйге ескерткіш тақта орнатылды.
Шараға Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар, облыстық және қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшелері, белгілі ақын, жазушылар, қоғам белсенділері, жастар және Бошай Кітапбаевтың туыстары мен ұрпақтары қатысты.
Жиында шаһар басшысы ақжолтай хабар жеткізді.
Қаланың жаңа ауданындағы Энтузиастов көшесін Бошай Кітапбаев атамыздың атына беру туралы шешім қабылданды. Қалалық, облыстық ономастикалық комиссиядан өтті, қазір республикалық комиссия қарауына жіберілді. Ұлттық комиссияның шешімі оң шығады деп үміттенемін, - деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.
Айта кетейік, Бошай Кітапбаев 1941 жылы 18 жасында Ұлы Отан соғысына аттанады. Қан майданда от кешіп жүріп, 1944 жылы Украинаның Витьевск қаласы үшін болған шайқаста жараланып, бір аяғынан мүлдем айырылады. Содан мүгедек болып елге оралады.
1945 жылдың сәуір айында Катонқарағай аудандық атқару комитетінің хатшысы қызметіне орналасады. 1950 жылы Зайсан ауданының атқару комитетінің төрағасы қызметіне ауысады. 1955 жылы Үлкен Нарын ауданының Ленин атындағы ұжымшарға төраға болып сайланады. Еңбек ете жүріп, ғылыми жұмыспен де қатар айналысып, 1970 жылы экономика ғылымдарының кандидаты атанады. 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы ие болған санаулы тұлғалардың бірі.