Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты сарапшылар не дейді?
Өскеменде Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті
Қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен қоғам белсенділері сарапшылармен бірлесіп, экономикалық және саяси тұрғыда аса маңызды мәселені талқыға салды, деп хабарлады ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында "жасыл энергияның" маңыздылығына тоқталған еді. АЭС салу мәселесіне қатысты сарапшылар не дейді?
Қазір елімізде 114 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндіріледі, дегенмен соның өзінде тапшылық байқалып отыр. Оған қоса, көмір жағатын станциялардың шығыны да шаш етектен. Жыл сайын еліміздегі ЖЭО мен СЭС-тар электр энергиясын алу үшін, шамамен, 60 миллион тонна көмір жағады. Станциялардан шығатын қалдықтар экологияны ластаған үстіне ластап жатыр. Тұрғындардың ауа сапасына шағымы да уақыт өткен сайын ұлғайып келеді. Елімізде энергияның 70 пайызы көмір жағу арқылы өндірілетінін ескерсек, жағдай тек нашарлай түспек.
Бүкіл әлем атом энергетикасын дамытуға ұмтылуда. Бейбіт атомның көмір жағатын станциялардан артықшылығы көп. Атом генерациясын дамыту қажеттілігі жыл санап артып келеді. Бүгінде көмін жағатын станциялардың тозуы 70 пайызға жуықтады. Ал электр энергиясын тұтыну жыл сайын 3 пайызға өсіп келеді, - деді ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова.
Мамандардың айтуынша, АЭС - экономикалық өсудің, ғылым мен білім дамуының драйвері. Бейбіт атомның қоршаған ортаға да қылдай зияны жоқ. Жасыл энергияны игілікке жаратар болсақ, парниктік газ шығарындылары жылына 10 млн тоннаға дейін төмендейді.
Жария талқылау барысында сарапшылар жергілікті тұрғындардың АЭС қауіпсіздігін қамтамасыз ету, техникалық кадрларды даярлау және атом станциясын салу технологиялары жөніндегі сұрақтарына жауап береді.
Қазір әлем елдері жаңа технология бойынша бейбіт атом жолына түсті. Егер халық АЭС құрылысын қолдайтын болса, біз де жаңа технологияны қолданамыз, – деді Атомдық және дәстүрлі энергетикалық технологиялар мектебінің деканы, ҚР құрметті энергетигі Айбек Ақаев.
Әлемде 412 ядролық реактор жұмыс істейді, оның 93-і АҚШ-та, 56-сы Францияда. Франция өзінің электр қуатының 70%-ын атом электр станциясында өндіреді. Қазір әлемде тағы 58 реактор салынып жатыр.
Болашақ атом энергетикасында. Ерте ме, кеш пе Қазақстанға да жетеді, - деді "Ядролық физика институты" РМК аға ғылыми қызметкері. - Егер референдум қорытындысы бойынша халық АЭС құрылысын қолдаса, жобалау жұмыстары басталып, ол бес жылға созылады. Экологиялық аспектілер де, шығындар сметасы да қарастырылады. Электр энергиясының құны мен тарифі анықталады. Жобалау нәтижелері Атом энергиясы туралы заң аясында жұртшылықпен талқыланады. Ары қарай құрылыс жұмыстарының өзі тағы бес жылға созылмақ.
Қазір Қазақстанда реактор салуға дайын төрт мемлекет қарастырылуда. Ол – Ресей, Қытай, Корея және Франция. Барлық жобаларда технологияларды қамтамасыз ету және елімізде отын сату еркіндігіне рұқсат беру қарастырылған.
Айта кетейік, Үлбі металлургиялық зауыты Қытай реакторлары үшін отын таблеткаларын шығарады. Аспан асты еліне өскемендік уранның бірнеше партиясы жөнелтіліп те қойған.