Абай ауданынан Қазақстандағы ең көне жерлеу орны табылды
Қазақстандық және шетелдік ғалымдардан құралған зерттеушілер тобы Көкен елді мекенінен тас дәуірінің жерлеу орнын тапты
Қабірден жасөспірім мен ересек адамның сүйектері табылған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Назарбаев Университетінің ақпаратына сүйеніп.
Назарбаев Университеті қаржыландырған TEECA археологиялық зерттеу тобы Абай ауданындағы Көкен елді мекеніндегі қола дәуіріне тиесілі обаның астында жатқан тас дәуірінің жерлеу орындарын тапты. Бұл көне обаларда біздің дәуірімізге дейінгі VI мыңжылдыққа (шамамен б.д.д. 5471–5222 жж.) жататын, шамамен ерте неолит дәуіріне тиесілі жерлеу орындары анықталған.
Қазба жұмыстары мен талдаудан бастап материалды жариялауға дейінгі барлық процеске қазақстандық және халықаралық мамандардан құралған тобымыз үш жылдан астам уақыт жұмсады. Бұл жаңалықтың қазақ археологиясы үшін маңызы зор. Қазақстанда тас дәуіріне қатысты археологиялық материалдар өте көп, бірақ бұл жерде нақты адам жерлеу орындары туралы сөз қозғалып отыр. Табылған көне қалдықтардың арқасында сол уақыттарда осы аймақты мекендеген адамдардың өмірін тануға, зерттеуге мүмкіндік ашылды, – деп атап өтті Назарбаев Университетінің доценті, археолог Паула Доумани Дюпюй.
Қабірде екі адамның сүйегі болуы ықтимал. Остеологиялық талдау сүйектердің жасөспірім мен ересек адамға тиесілі екенін көрсетті. TEECA тобы жүргізген талдау әртүрлі адамдардың қаңқа бөліктері бірге жерленген ерекше рәсімнің бар екенін көрсетеді. Көкен қорымында сопақ пішінді бір обаға екі адам қосымша құрал-саймандарынсыз жерленген. Ересек ер адам эмбрион формасында жатқызылған, шүберекке оралған және қазба жұмыстары кезінде басы табылған жоқ. Жақын жерден табылған жасөспірімнің бас сүйегі бар, бірақ қаңқасы болмаған. Зерттеушілер мұны әдейі жасалған рәсім немесе сол жердің кейінгі тұрғындарының қабірді ішінара қиратуының нәтижесі деп есептейді.
Ғалымдардың қазба жұмыстары әлі де жалғасуда.