Өскемен, Абай, Павлодар гарнизондарының әскерилері тексерістен өтіп жатыр
Ұлттық ұланда 2023 жылдың жазғы оқу жылы бойынша қорытынды тексеріс басталды
Алғашқы болып тексеруді "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының басқарма әскерилері тапсырды, деп хабарлады өңірлік қолбасшылықтың баспасөз қызметі.
Бірнеше күн бойы басқарма жеке құрамы қорытынды сабақтарда кәсіби-лауазымдық, мемлекеттік-құқықтық даярлық пәндері бойынша емтихан тапсырып, атыс даярлығы бойынша мергендіктері сыналса, дене даярлығы бойынша шымырлықтарын дәлелдеді. Әскерилер атыс дайындығы бойынша нормативтерді №3477 әскери бөлімінің оқу-жаттығу орталығында тапсырды.
Әскерилердің Макаров және Калашников штаттық қаруларынан күндізгі және түнгі уақытта ату шеберліктері сыналды.
Сонымен қатар, Ұлттық ұландықтар белтемірге тартылып, 100, 1000 және 3000 мың метр қашықтыққа жүгіруден дене дайындықтарын көрсетті.
30 қазан айынан бастап "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты Өскемен, Абай облысы және Павлодар гарнизондарының 100% жеке құрамы толық тексеруден өтетін болады. "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының шешімімен басқарма офицерлері үш бірдей гарнизонда орналасқан әскери бөлімдерге қорытынды тексерісті қабылдауға жіберілетін болады.
Қорытынды тексеріс аясындағы көрсеткен жоғары нәтижелерімен әскерилер өздерінің сыныптық дәрежелерін көтеруге мүмкіндік береді. Сондықтан әрқайсысы жоғарғы баға алу үшін барынша тырысып, әскери бөлімнің ортақ бағасын жақсартуға ықпал етеді, - дейді "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Еркен Жанабергенов.