ШҚО дәрігерлері қарттардың үйіне барып, денсаулықтарын тексерді
ШҚО дәрігерлері Қарттар күніне арналған айлық аясында ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің үйіне барып, қабылдау өткізді
Шығысқазақстандықтардың белсенді ұзақ өмір сүруіне қамқорлық жасау Денсаулық сақтау басқармасының басым бағыттарының бірі.
Мәселен, Өскемен қаласы №1 емханасының дәрігерлері "Мейірімді жүрек" акциясын ұйымдастырып, емханаға бекітілген ардагерлердің үйіне барып, медициналық тексеруден өткізді.
Ал күні кеше №1 емхана бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Мирхат пен терапевтік учаскенің дәрігері Игорь Баринов өзінің жүз жылдық мерейтойын атап өткен Ұлы Отан соғысының ардагері Зуев Иосиф Архиповичке барды және 101 жастағы тыл еңбеккері Анна Николаевна Ласкованы құттықтады.
Пациенттерге үйге бару кезінде дәрігерлер ЭКГ түсіреді, қан қысымын, қанықтылығын өлшейді, жалпы және биохимиялық зерттеулер үшін қан үлгілерін алады. Алынған зерттеу нәтижелері ардагерлердің денсаулық жағдайын бағалауға, патологияларды анықтауға, терапияны немесе қосымша диагностиканы тағайындауға және қажет болған жағдайда тар бейінді мамандардың кеңесіне жіберуге мүмкіндік береді. Анна Николаевна медициналық тексеруден өткеніне емес, назардан тыс қалмағаны үшін риза болғанын жасырмады.
Қазір бізге емханаға барып, медициналық тексеруден өту қиын. Бірақ денсаулық жағдайымызды үнемі бақылауда ұстауымыз қажет. Ақ халатты абзал жандардың бізді ұмытпағанына марқайып қалдық. Дәрігерлердің жұмысы көп екенін білеміз. Сонда да өз істерін адал атқаруда, - дейді кейуана.
Медициналық ұйым денсаулық сақтау саласының ардагерлерін құттықтауды да ұмытпады. 2 қазан күні емхананың акт залында ардагерлерге арналған мерекелік шаралар өтті.
Бұл күні ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, бар ғұмырын халықты емдеуге арнаған дәрігерлер бас қосты. Денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне адал еңбектері үшін лайық құрмет көрсетіліп, алғыс сөздері айтылды. Мерекелік шара соңында жиналғандардың барлығына естелік сыйлықтар табысталды.
Кез келген ауруды емдегеннен гөрі алдын алған оңай. Мұны біздің алтын қорымыз – денсаулық сақтау саласының ардагерлері жақсы біледі. Сондықтан олар профилактикалық іс-шараларға белсене қатысып, медициналық тексеруден өтеді, бұл бүгінде олардың денсаулық жағдайын бақылаудың тиімді әдісі болып табылады. Алыс жолға шығу қиынға соғатындарды үйде тексереміз, - деді Өскемен қаласындағы №1 емхананың бас дәрігері Айман Мырамытова.