Өскеменде өндірілетін өнімдердің көрмесі ұйымдастырылмақ
Көрмеге тек жергілікті шағын, орта және ірі кәсіпорындар қатысады
Өскемендік тауар өндірушілердің көрмесі 11 қазан күні өтеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұған дейін облыстық деңгейде бұндай көрмелер өтіп тұратын. Ал биыл тек қана Өскемендегі кәсіпкерлеріне арналған көрме алғаш рет ұйымдастырылмақ. Жергілікті билік көрмені дәстүрлі түрде өткуге ниетті.
Өскемен қаласының әкімі апта сайын жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олардың өндіріс орындарына барып, танысып жүр. Соның нәтижесінде қала кәсіпкерлерін қолдау, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін насихаттау мен жарнамалауға, ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлердің өнімдерімен танысуға және жаңа өткізу нарықтарын іздеуге жәрдемдесу мақсатында үлкен көрме ұйымдастыру туралы шешім қабылданды, - дейді Өскемен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Гасан Тұрғанбаев.
Көрме 11 қазан күні Қ. Сатпаев даңғылы, 88/2 мекенжайында орналасқан Неке сарайының 1-қабатындағы үлкен залда өтеді. Өскемендіктер көрме-байқауда жергілікті өндірушілердің тауарларын көріп, таныса отырып, сатып алуларына да болады.
Көрмеде әр саладағы шағын, орта және ірі кәсіпорындарды қамту жоспарланған. Қазіргі таңда қатысады деген 150-ге жуық кәсіпорынның тізімін жасадық. Әзірге келісім бергендері қырыққа жуық. Негізінен металлургиялық өнеркәсіп, машина құрылысы, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі, химиялық және жеңіл өнеркәсіп өкілдерін шақырып отырмыз. Көрме барысында бизнесті қолдау бойынша қандай мемлекеттік бағдарламалар бары және оның шарттары түсіндіріледі. Ал мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндіктері жоқ кәсіпорындарға инвестор тарту бойынша көмек көрсетіледі, - деді Гасан Тұрғанбаев.
Көрмеге қатысуға ниет білдірушілер Өскемен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне 8-776-141-55-52; 8-777-708-55-00; 8-707-671-84-94 немесе 8-7232-26-22-84 нөмірлері арқылы хабарласып ,ақпарат ала алады.
Көрмеге "Мансап" орталықтары арқылы қайтарымсыз грант алғандар да қатысады.
Бұл көрме бизнесін жаңа бастап жатқандар үшін таныстық, тәжірибе алмасу, пікір алмасу алаңына айналмақ, - дейді Өскемен қалалық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Кәмшат Баубеков.
Қайтарымсыз гранттар халыққа қызмет көрсету, шағын өндірістік цехтерін құру, мал және құс шаруашылығы бағыты, кондитерлік өнімдер өндірісі, тігін ісі сияқты салаларда жаңа бизнес ашуға беріледі. Кәмшат Баубеков биылдан бастап 21-ден 35 жасқа дейінгі жастар үшін 5 млн теңгеге дейін бизнесті қолдауға несиелер беріле бастағанын еске салды.