ШҚО-да Шахмат федерациясының бөлімі ашылды
Қазір облыс орталығында "Шахмат керуені" турнирінің 7-ші жартылай финалы өтіп жатыр
Облыстың ең үздік әуесқой үш шахматшысы қараша айында Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Шахмат керуені" – Қазақстанның барлық аймағында шахмат спортын дамыту мақсатында іске қосылған ауқымды жоба. Жобаның идеясына саудамен қатар, халықтардың мәдени және спорттық мұрасын тасымалдаған Ұлы Жібек жолы түрткі болған.
Қазақстандағы шахматты дамыту, спортшылардың шеберлігін арттыру мақсатында жолға шыққан "Шахмат керуені" бүгін ШҚО орталығы – Өскеменге жетті. Керуен Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Семей қалаларын басып өтті. Қарашаның ортасына дейін еліміздің түкпір-түкпірін аралап шықпақ.Біз алғашқылардың бірі болып Ұлы Жібек жолын жалғастырдық. 14 мың шақырымдай сапар шегіп, әр облыс орталығын аралаймыз. Алғашқы 3 мың шақырымды еңсеріп, бүгін шырайлы шығысқа – Өскеменге жеттік. Бүгінгі таңда шахмат сайыстары бойынша Қазақстан халықаралық аренада жақсы танылып келеді. Тек соңғы 12 айда Қазақстанда үш әлем чемпионаты, Азия чемпионаты және бес халықаралық турнир өтті, - дейді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко.
"Шахмат керуені" жобасы аясында ҚР Шахмат федерациясының Шығыс Қазақстан облысындағы бөлімі ашылды. Оның төрағасы болып Рахимов Анвар Вильданович тағайындалды.
ҚР Шахмат федерациясына сенім білдіргені үшін алғыс айтамын және облыста шахматты дамытуға барынша үлес қосамын, - дейді ҚР Шахмат федерациясының ШҚОФ төрағасы Анвар Рахимов. - Шахмат – тамаша спорт түрі. Әуесқой ойыншылардың барлығын өңіріміздегі шахматты дамытуға атсалысуға шақырамын.
Облыстық іріктеу турнирі 19 қыркүйекте өткен. Оған 85 әуесқой шахматшы қатысып, бүгінгі 7-ші жартылай финалға тек соның жиырмасы өткен. Осы үздік жиырманың арасындағы ең жас ойыншы 12 жастағы Мағжан болса, ең ересегі 74 жастағы Виктор Лаврентьев.
Қазір облыстың атын шығарып жүрген шахматшы жастар өсіп келеді. Солардың бірі - Айза Тулекенова ШҚО бойынша әйелдер арасында үздіктер қатарында. Жақында классикалық шахматтан 14 жасқа дейінгі ҚР Кубогінде 1-орынға ие болған. Әділжан Садыбеков "Астана жұлдыздары" халықаралық турнирінде 14 жасқа дейінгілер арасында 1-орын алды, - деп атап өтті дейді ШҚО бойынша шахматтан бас жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алмагүл Манапқызы.
Жалпы облыста үш мыңға жуық әуесқой шахматшы болса, оның үш жүзге жуығы кәсіби түрде айналысып жүр.
Өскемен қаласының өзінде 12 шахмат мектебі: олардың арасында мемлекеттік және жеке шахмат мектептері, аулалық шахмат клубтары бар. Ал 10 шақты жыл бұрын балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жанынан ашылған бір ғана шахмат бөлімі жұмыс істеп тұрған еді, - дейді Алмагүл Манапқызы.