"Шахмат керуені" Өскеменге жол тартты
Қарашаның ортасына дейін еліміздің түкпір-түкпірін аралап шығатын "Шахмат керуені" 28 қыркүйекте Өскеменге келіп тоқтайды
Керуеннің келу құрметіне орай сағат 10.00-де Республика алаңында мерекелік шара өтеді, деп хабарлайды Устинка LIVE.
Шығыс Қазақстан облысы – осыған дейін Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Семей қалаларына сапар шеккен керуен жолындағы жетінші өңір.
"Шахмат керуені" – Қазақстанның барлық аймағында шахмат спортын дамыту мақсатында іске қосылған ауқымды жоба. Жобаның идеясына саудамен қатар, халықтардың мәдени және спорттық мұрасын тасымалдаған Ұлы Жібек жолы түрткі болған.
Керуеннің келгенде шахмат федерациясының облыстық филиалын ашу, гроссмейстермен бір реттік ойын сеансы мен шахмат турнирін ("Шахмат керуені" турнирінің жартылай финалы) өткізу жоспарланып отыр.
Облыстық кезеңнің жеңімпазы мен жүлдегерлері қараша айында Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алады.
Салтанатты шараға Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті қатысады деп күтілуде.