Өскемендегі сарбаздардың қарызы бар-жоғы анықталады
Өскемен гарнизонында әскер қатарындағы сарбаздардың қарыздары мен берешектерін анықтау мақсатында "Солдаттың карточкасы" акциясы өтеді
Акция 4 қыркүйек пен 4 қазан аралығында бір ай бойы жүргізілмек, деп хабарлайды Устинка LIVE Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
2023 жылға арналған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелерінде "Өмірді сақта" ведомствоаралық бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралар жоспары аясында Өскемен гарнизонында "Солдаттың карточкасы" акциясы өтеді.
Акцияның мақсаты - мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге ақшалай үлесті уақтылы аудармау дәйектерін, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден заңсыз ақшалай қаражат жинау дәйектерін, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің картесептеріне ақшалай қаражат аудару арқылы ақшалай қаражаттарын қорқытып алу дәйектерін анықтау, - деді Өскемен гарнизоны Әскери полиция бөлімі алдын алу бөлімшесінің бастығы әділет капитаны Дидар Ибраев.
Құқық бұзушылық әрекеттерінің алдын алу мақсатында әскери бөлімдер басшылығын ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, екінші деңгейдегі банктерде және шағын қаржы ұйымдарында несиесі бар-жоқтығы, заңды тұлғалар алдындағы өзге де берешегін анықтау жұмыстары жүзеге асырылады. Қаржылық өтемдері бар сарбаздар анықталған жағдайда берешектің жалпы сомасы мен оның ай сайынғы өтеу сомасын көрсете отырып сарбаздарға барынша көмек көрсетіледі.
"Өмірді сақта" ведомствоаралық бағдарламасы сарбаздардың психологиялық, физиологиялық тұрғыдағы жай-күйін реттеп, олардың әскерге бейімделуін жеңілдетуге бағытталған. Жоғарыда атап өткендей, заңды және жеке тұлғалардың алдындағы берешегі болған немесе түрлі бопсалау тәсілдерінің құрбаны болған сарбаздар, қарыздарын ойлап, уайымдап, депрессияға салынып кетуі мүмкін. Ал "Солдат карточкасы" акциясы аясында мұндай жағдайлардың барлығы анықталып, мәселелердің шешілу жолдары қарастырылады.
Бұл акцияның толыққанды орындалуын қамтамасыз ету, бұзушылықтарды анықтау үшін әскери бөлімдердің барлық санаттағы әскери қызметшілерімен сұрау, әнгімелесулер жүргізіледі.