Әскерилер арасында жауынгерлік самбодан чемпионат өтті
5511 әскери бөлімінде спорттық және жауынгерлік самбодан үш күндік Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының чемпионаты аяқталды
Семейде өткен жарысқа арнайы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов арнайы келді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Бұл жарыс 2016 жылғы 5 маусымда лаңкестер Ақтөбе қаласындағы екі қару-жарақ дүкеніне және 6655 әскери бөлімінің әскери қалашығына шабуыл жасаған кезінде әскери борышын адал атқарып, шабуылды тойтару кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлерді еске алуға арналған. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 4 өңірлік қолбасшылықтан, Ұлттық ұлан академиясынан және тікелей бағыныстағы әскери бөлімдерден келген 70-ге жуық спортшылар қатысты.
Спорттық және жауынгерлік самбо біздің өңірде, Семей қаласында қарқынды дамуда. Біздің спортшылар республикалық, халықаралық бәсекелерде топ жарып, біздің мерейімізді асқақтатуда. Жалпы, Ұлттық ұланның сарбаздарына ел ішіндегі тыныштық жүктеліп, мол сенім артылуда. Сондықтан Ұлттық ұлан сарбаздары білікті, жүректі, батыл болуы керек. Осындай іс-шараның жоғарғы деңгейде өтетініне сенімдіміз. Мықтылар жеңіп, әділ сайыс болсын, - деді Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов.
Жарысқа "Оңтүстік", "Орталық", "Батыс", "Шығыс" өңірлік қолбасшылықтары, Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімі мен Ұлттық ұлан академиясының алты командасы, 70-ге жуық спортшы бақ сынады. Әскери қызметкерлер 8 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Олардың екеуі жауынгерлік самбодан, қалған алтауы спорттық. Жас ерекшелігі шектелмеген. Ұлттық ұланның қатардағы сарбазынан бастап, сержанттар мен офицерлерге дейін өзара мықтыны анықтады.
Самбо күресі мен жауынгерлік самбо күресінен қазіргі іріктеу жарысы тартысты өтті. Бұл іріктеу жарысымыз Семейден жеңімпаз жауынгерлерімізді, сайыскерлерімізді қараша айында Ақтау қаласында өтетін ҚР Ішкі Істер министрлігінің кубогына іріктеп аламыз. Абай облысында өтіп жатқан жарысты жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен облыс әкіміне, қала әкімдеріне ризашылығымды білдіремін, - деді Ұлттық ұланның дене дайындығы және спорт бөлімі бастығы полковник Сәтжан Әбішев.
Самбо күресі рухты әрі намысты жастарымызды батырлық пен қайсарлыққа, өжеттілікке баулиды. Барлығының діттегені бір - ол жеңіске жетіп, Ұлттық ұлан чемпионы атану. Қатысушылардың барлығы чемпионатқа сақадай сай дайындалып келген.
Жалпы жарысқа деген дайындығымыз өте жоғары. Себебі біз үшін әскери бөлімдер "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы барынша өздерінің қолдауын көрсетіп, бүкіл жаттығуларды барлығын өте жоғарғы дәрежедегі бапкерлермен бізді дайындады. Өзім сайыстан тек жеңіс күтемін. Барынша тырысып, біздің "Шығыс" өңірлік әскери қолбасшылығы тек қана бірінші орында болсын деген іштей ниеттемін, - дейді "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы құрамасы мүшесі, кіші сержант Ерсін Қалымов.
Үш күндік жарыстың қорытындысы бойынша бірінші командалық орынды, Жоғарғы Бас қолбасшының кубогын "Батыс" өңірлік қолбасшылығының (Орал) командасы жеңіп алды, жүлделі екінші орынды 5573 әскери бөлімі (Астана) иеленді және құрметті үшінші орынды "Оңтүстік" өңірліқ қолбасшылығының (Алматы) командасы міссе тұтты.
Марапаттау рәсімінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бауыржан Әбжанов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақановтың атынан кубоктарды, медальдар, грамоталар және жеңімпаздарға бағалы сыйлықтарды табыстады.
Айта кетерлігі, іріктеу сайысынан өткендер қараша айында Ақтау қаласында өтетін Ішкі Істер министрлігінің кубогына жолдама алады.