Өскемен қаласының әкімі 20 және 21-ші шағын аудан тұрғындарымен кездесті
Бүгінгі таңда бұл аудандардағы басты мәселе – көше жарығы, қоғамдық көлік қатынасы
Ал жол мен су мәселесі біртіндеп шешіліп келеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Шаһар басшысы қаланың іргесінде жаңа бой көтеріп келе жатқан шағын аудандарда бүгінге дейін атқарылған шаруалар жайлы есеп беріп, келер жылы жасалуы керек мәселелерді халықпен бірге талқылады.
Кездесу алдында әдеттегідей қалалық әкімдіктің әр бөлім өкілдері сол жерде қабылдау жүргізіп, әр тұрғынның мәселесін түртіп алып отырды.
20-21-ші шағын аудардарында биыл су құбырларын тарту, сорғы станциясын салу жұмыстары жүріп жатыр. Қыркүйек-қазан айларында сорғы станциясын іске қосып, байқап көреміз. Ары қарай 21-шағын аудан мен 20-шағын ауданның бір бөлігіне су беріледі. Бірінші кезекте 21-ші шағын аудандағы 358 участок түгелдей сумен қамтылады, - деді Өскемен қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Танекенов.
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар 20 және 21-ші шағын аудан тұрғындарымен бұған дейін де бірнеше рет кездесу өткенін атап өтті.
Сұрақтарыңызды, өтініш-тілектеріңіздің бәрін тыңдағанбыз. Оның ішіндегі негізгі мәселелерді жұмыс тәртібіне енгізіп, шешіп жатырмыз. Осыдан екі жыл бұрын жолдарға қиыршық тас төгуді сұрағансыздар. Қазі 20-шы шағын ауданның 15 шақырым жолына, 17 көшеге қиыршық тас төгілді. Биыл бір көшеге түгелдей асфальт төсейміз, - деп атап өтті Жақсылық Мұқашұлы.
Қала әкімімен кездесуге келген белсенділер негізінен шағын аудандағы көше жарығына қатысты мәселелерді көтерді.
Неше жыл болды екінші этаптағы көше шам-жарығы жоқ. Оны "Кэмонт" АҚ тартып жатыр. Осыдан бір ай бұрын "Кэмонт" АҚ директорымен кездесу кезінде жарық қашан беріледі дегенімде, "ақша бөлінген жоқ, келісімшарт жоқ" деді. Бұл бірінші мәселе. Екіншіде, 80 плафон жоғалған. Бұл дегеніміз жарты ауылдың қараңғыда отырғаны. Үшіншіден, шілде айында ауданда спорт алаңын салып беру туралы өтініш жазған болатынмын. Жер қатынастары бөлімі қарсы емес, жауап берді. ТҮКШ мен құрылыс бөлімі арасында жүрмін осы мәселе шешім таппай, - деп сұрақ қойды тұрғындардың бірі.
Сонымен қатар, келер жылдың жоспарына 20-шы шағын аудандағы Ақжігітов, Ақжол, Үркер көшелері мен көше қиылыстарына қиыршық тас төгіп беру туралы өтініш білдірді. Ал қала басшысы өз кезегінде бұл жұмыстар келер жылы қолға алынады деп уәде етті.
Бізді көп жағдайда ұятқа қалдыратын – мердігерлер. Біз қаржы бөлеміз, конкурс өткіземіз. Жеңіп алған мердігер барлық жұмысты жасауға уәде етеді. Бірақ артынша жауапсыздық танытып, жұмыстары аяқсыз қалып жатады. Ал ұятқа қалатын біз. Өйткені халық алдында жауап беретін - мердігер емес, әкім. "Кэменот" АҚ-мен тура осындай жағдай орын алып отыр. Бұл бүкіл облыстың бетке ұстар мекемесі еді. Жергілікті мекеме болғасын конкурсқа қатысады. Талап бойынша қай компанияның потенциялы жоғары, сол ұтады. Қазір қалада осы компанияның жауапсыздығынан тек 20-шы шағын аудан емес, 27, 25-ші шағын аудандарда да осындай проблема туындап отыр, - дейді Жақсылық Омар.
Құрылыс бөлімі басшысының айтуынша, 20-шы шағын ауданның көшелерін жарықтандыру бойынша "Кэменот" АҚ-мен келісімшарт 2020 жылы жасалған. Жұмыстардың 2-ші кезеңіне қаржы толығымен бөлінген, ақша бар.
Бірақ мердігер "Кэмонт" АҚ жұмыстарын істемей отыр. Егер жұмысын істейтін болса, біз ақшасын төлеуге дайынбыз. Ол компаниямен қала бойынша осындай бес келісімшарт бар, - дейді Қайрат Танекенов.
Осы мәселеге қатысты іс қозғалған, сот жүріп жатыр.
21-ші шағын аудандағы жарық мәселесіне де қатысты сот жүріп жатқан көрінеді. Бірақ бұнда тартылған жарық бағаналарының шамдары қолды болып отыр.
Яғни, 2017 жылы Гумилев көшесіне жарық тартылып, жанып тұрған. 2018 жылы 80 жарық шамдарын ұрлап кеткен. Ұрылар анықталып, сот жүріп жатыр. Бірақ халық тас қараңғы көшеде жүруге мәжбүр.
Осы мәселе бойынша екі жыл бойы әкімдіктің есігін тоздырдық. Алда қыс келе жатыр, күн қысқара түседі. Балаларымыз сабақтан қайтқанда қорқады. Оның үстіне қаңғыбас иттер бар, - дейді аудан тұрғыны Ақерке.
Әкім осы мәселені шешу үшін 21 қыркүйекте сессия кезінде 80 шамға қаржы бөлінетіндігін айтты.