Биыл Өскеменде 100 аулаішілік жол жөнделеді
Қазан айының ортасына дейін қаладағы аула ішіндегі жүз жол жөнделуі қажет
Өскемен қаласының әкімі Назарбаев даңғылы 35/2 мен 37 және Стаханов көшесі 56 мен 60 үйлердің аулаларындағы жол жөндеу жұмыстарын тексеріп қайтты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Назарбаев даңғылы 35/2 мен 37 үйлер арасындағы жол үлкен шұңқырға айналғалы біраз жылдың жүзі болған. Жаңбырлы күні су толып, тұрғындар әбден әбігерге түседі.
Бұл жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмегелі біраз болды. Тек қана шұңқырларды жамап кететін. Көктем-күзде жауған жаңбыр, еріген қар суына толып, жүру мүмкін болмай қалады. Оның үстіне нөсер канализациясы да біреу-ақ, - дейді - Светлана Афанасьева. - Жөндеу жұмыстары аяқталғанда жол кеңейіп, ыңғайланады деп сенеміз.
Тұрғындардың айтуынша, көл боп жиылған су үйдің жертөлесіне дейін кіріп кететін көрінеді.
Мен осы үйге көшіп келгелі төрт жыл болды. Жаңбыр жауса болды, есік алды көлге айналады. Не жаяу жүре алмай, не көлік жүре алмай қалатын. Тіпті, су үйдің жертөлесіне дейін кіріп кететін. Асты шіріп кете ме уайымдаймыз. Қазір толықтай жөндеп жатыр, жақсы болды. Ризамыз! - дейді Назарбаев көшесі, 35/2 мекенжайының тұрғыны Қатипа Ұлтфулина.
Биыл қаладағы осындай жүз аула ішілік жол жөнделеді деп сендірді шаһар басшысы.
Қаладағы негізі магистральдік жолдар жөнделіп, қалыпқа келтірілді. Әрине проблемалық учаскелер бар, оның барлығы келесі көктемде жөнделеді. Ол әсіресе шеткері аудандардағы жолдар, - дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. - Елді алаңдатып отырған келесі мәселе - аула ішіндегі жолдардың жайы. Биыл 100 аула ішілік жолдарды жөндеуіміз керек. Оған арнайы қаражат бөлінді. Конкурстық жұмыстар аяқталып, мердігер компаниялар анықталды. Оның бірнеше субмердігер компаниялары бар. Жұмыстар қазанның 15-20-сына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Кей аулаларда орташа жөндеу жұмыстары, яғни асфальт жабындысы толық ауыстырылады. Ал кей аулаларда шұңқырларды бітеу жұмыстары жүргізіледі.
Қала әкімі осы орайда аула тұрғындары мен белсенділеріне мердігер жұмысын бақылауда ұстауды сұрады.
Ертең жаңбыр жауғанда су жиналып, халықты әуреге салмасын! - деп ескертті мердігер компания өкіліне Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. - Ал жергілікті тұрғындардан жұмыстардың талаптарға сай жүргізілуін қадағалауды сұраймын. Мәселен, жаңбырлы күні асфальт төслмеуін қадағалау керек. Қандай да бір олқылықтарды байқасаңыздар, бірден тиісті орындарға хабарлаңыздар. Құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілгені маңызды.
Осы сияқты жөндеу жұмыстары Стаханов көшесі 56 мен 60-үйлердің аулаларында да жүріп жатыр. Әкіммен кездесу кезінде аула тұрғындары көкейтесті тағы бір мәселені көтерді.
Үйде 18 пәтер, оның 12-сінде зейнеткерлер тұрады. Үйдің шатырын өзіміз жөндедік, 5 млн теңге жұмсалды. Енді үйдің қасбетін жөндеп беруді сұраймыз, өйткені өз күшіміз жетпейді, - дейді 56-шы үйдің тұрғыны Нина Стецура.
Осы орайда айта кеткен жөн, жыл басынан бері қаладағы көпқабатты үйлердің қасбеттерін жөндеу жұмыстары қолға алынған болатын. Биыл Назарбаев даңғылы бойындағы 38 үйдің қасбеті жөнделген. Бұл жұмыстар да келер жылы жалғасын таппақ.
Келесі жылы негізінен Қазақстан көшесі мен Шәкәрім даңғылындағы көпқабатты үйлердің сыртын жөндеу жоспарда бар. Нақты қай үйлердің қасбеті жөнделетіндігі жыл соңына дейін белгілі болады. Қазіргі таңда біздің жұмысшы топ тізім жасауда. Әрине тұрғындар да өтініш қалдыра алады, - деп атап өтті Жақсылық Мұқашұлы. - Ал Стаханов көшесіндегі бұл үйлердің қасбетін жөндеу жұмыстарын қазір бастап кетсек те, күн суытып, ол жұмыс сапасына кері әсер етеді. Сондықтан келесі жылы қасбеті жөнделетін үйлер қатарына осы үйді де қосатын боламыз.