Із-түзсіз кеткен ШҚО тұрғынын полицейлер бір жылдан соң тапты
Алматыда тұрып жатқан азамат өзіне Өскемендегі анасы іздеу салғанын да білмеген
ШҚО ПД жыл басынан бері із-түзсіз кеткен 35 адамды тапқан.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында бір жылдан астам уақыт бұрын жоғалып кеткен ер адам табылды. Бірақ ол өзіне іздеу жарияланғанын да білмеген.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың сәуір айында зейнеткер әйел Катонқарағай аудандық полиция бөліміне жүгінген. Ол 45 жастағы ұлының жоғалып кеткенін жеткізді.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізгенімен ер адамды табу мүмкін болмады. Оның қайда жүргені 2023 жылдың тамыз айында ғана анықталды. Бұған азаматтың "Алматы-Өскемен" бағытында теміржол билетін сатып алғанының септігі тиді, - делінген ақпаратта.
Белгілі болғандай, ер адам өткен жылдан бері Алматы қаласында тұрып келген. Сонда жұмыс істеп жүрген ол тіпті өзін біреудің іздеп жатқанын білмегенін айтты.
Айта кетейік, облыс полицейлері жыл басынан бері жоғалған 35 адамды тапты.