ШҚО тұрғындары ауылдағы кәсіпті дамытуға 27 млн теңгеге дейін несие ала алады
"Ауыл аманаты" жобасы арқылы ШҚО-да 302 жобаны қаржыландыруға 1,5 млрд теңге қарастырылған
Осылайша 320 жұмыс орнын құру жоспарлануда, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпаратына сүйеніп.
Қазақстанда мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың өткен жылдың 26 қарашасында бекіткен №1 "ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы" Жарлығы негізінде "Ауыл аманаты" жобасы бастау алған болатын.
"Ауыл аманаты" жобасы өз ісін бастауды көптен бері армандап, алдына мақсат қойып жүрген ауыл тұрғынадары үшін үлкен мүмкіндіктер ашпақ.
Қазір облыстағы аудандарда жобаға қатысу үшін өтінімдер қабылдануда. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайтын жеңілдетілген несие 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығымен айналысатындар үшін төлем мерзімі – 7 жылға дейін беріледі.
Қарыз алу шарттары тиімді. Мәселен, ауылдық елді мекендерде (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда микрокредиттің ең көп сомасы – 2,5 мың АЕК-ке дейін, яғни 8 млн 625 мың теңге, ірі кооперацияны дамыту үшін 8 мың АЕК-ке дейін, бұл 27 млн 600 мың теңге берілмек. Бұл ретте негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең Кредиттеу мерзімінің үштен бірінен аспайды. Яғни, 5 жылға-20 айға дейін, 7 жылға-28 айға дейін. Шарт бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кепілді қамтамасыз етуді және салық органдарында тіркеуде болуы қажет.
Жұмыссыздар да несие алуға үміткер бола алады. Қаражатты беру кезінде енді өз ісін бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмағандар, жұмыстан қысқартылып қалғандар артықшылыққа ие болады. Мұндай несиені сонымен қатар жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз кіріс алу мақсатында тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар және немесе әрекетсіз жеке кәсіпкерлер, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері мемлекеттен көмек ала алады.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына бизнес бағытын таңдауда шектеу қойылмаған. Ақшаны тек мал басын көбейтуге, дақылдарды өсіруге немесе ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге ғана емес, сонымен қатар наубайхана, кондитерлік дүкен немесе туристік Стартапты іске қосуға да алуға болады. Қазіргі таңда өңірде Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы "Ертіс" ӘКК» АҚ өкілі (агент) анықталды. Қаржыландыру кестесі әзірленіп, басты назар шекаралас аймақтарға беріліп отыр.