Өскемен тұрғынына құны 7 млн теңге тұратын ота тегін жасалды
Облыс тұрғыны жамбас буынын эндопротездеу отасының арқасында аяғына нық тұрды
Өскемендік Лаура Ақшанова медициналық сақтандыруы болмағандықтан тегін ем қабылдай алмай жүрген. ӘМС қорының мамандары медициналық сақтандыруды алу жолдарын түсіндіріп, осының арқасында науқасқа қымбат ота тегін жасалған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Науқас буынындағы ауырсынуды алдымен дәрі-дәрмектермен басып жүрді. Кейін ауырсыну күшейе бастаған. Дәрігер оған коксартроз диагнозын қояды, бұл буын шеміршектерінің біртіндеп бұзылуын білдіреді. Бейнелі түрде айтсақ, бұны ілмектері майланбаған есікпен салыстыруға болады. Буын ішіндегі "майдың" болмауы салдарынан сүйектер бір-бірімен жанаса бастайды да, қатты ауырсыну мен қимылды шектеуге әкеліп соғады. Дәрігерлер ауру буынды эндопротезбен алмастыру жолын ұсынған.
Денсаулығыма байланысты мен көп жылдар бойы толыққанды жұмыс істей алмадым. Уақытша әрі толық емес жұмыс күнімен табыс тауып жүрдім. Толық дәрігерлік көмек ала алмауымның бір себебі – менде медициналық сақтандыру болмады. Өткен жылдың желтоқсан айында ӘМС қорының облыстық филиалында маған жарналарды бір жылға алдын ала төлеп, сақтандырылуға болатыны түсіндірілді. Солай жасадым. Нәтижесінде 2023 жылдың ақпан айында маған ота жасалды, - деп еске алады Лаура Ақшанова.
"Сақтандыру" мәртебесін алғаннан кейін 51 жастағы әйел МӘМС шеңберінде барлық консультативтік-диагностикалық және мамандандырылған медициналық көмекті тегін алды. Күрделі жедел ота - жамбас буынын эндопротездеу операциясын №4 Өскемен қалалық ауруханасының ортопедия бөлімшесінің дәрігерлері жасаған.
№4 қалалық аурухананың ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Карасев бөлімше бүгінгі күні барлық талаптарға сай екендігін, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгендерін, даярлықтан өткен білікті мамандары бар екенін айтады.
Әбден қажытқан ауырсынудан құтылдым. Ал бұрын ауырсынуды басатын дәрілерсіз мүлдем жүре алмайтынмын. Дәрігерлерге өте ризамын. Көрсетілген көмек үшін мамандарға шын жүректен алғыс айтамын. Менде толыққанды өмір сүруге үміт пайда боолды, мен жұмыс істегім келеді, - дейді пациент Лаура Ақшанова.
Қордың облыстық филиалындағы мамандар айтқандай, МӘМС - бұл жақсы қаржылық көмек. Өйткені қай күні қай жерің ауырып қалатынын білмейсің, медициналық көмекке байланысты шығындарды болжау мүмкін емес. Медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесі туралы ертерек ойланған пациенттер қымбат медициналық қызметтердің бірнеше түрін ала алады. Мысалы, аталмыш отаның құны шамамен жеті миллион теңге болса, әйел үшін медициналық көмектің бұл түрі МӘМС есебінен тегін көрсетілді.