ШҚО-да сүт фермаларын салуда солтүстіктегі тәжірибе қолданылады
Осылайша сүт өндірісін жылына 47,5 мың тоннаға дейін арттыру көзделген
ШҚО-да 57 млрд теңгеге 9 ірі инвестициялық жоба жоспарланған, деп хабарлайды Устинка LIVE.
Бүгінгі таңда 31 млрд теңгені құрайтын 3 жоба аяқталған. Олар: Өскемен құс фабрикасының бройлер өндірісін кеңейту, Ұлан ауданында 1000 басқа арналған бордақылау алаңын және 300 басқа арналған сүт-тауар фермасын салу.
Жыл соңына дейін тағы 6 жоба аяқталады, олардың ішіндегі ең ірілері: Глубокое ауданында астық кептіру кешенін жаңғырту, Өскемен қаласында қуаттылығы жылына 50 мың тонна болатын май экстракциялық зауытының құрылысы, Алтай ауданында 1000 басқа арналған сүт-тауар фермасы.
Біз жаңа технологияларға инвестиция тартуға, шикізатты терең өңдеуді және жаңа агроөнімдерді шығаруды қамтамасыз етуге ниеттіміз. Экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлесі 42%-ды құрады. Ағымдағы жылдың соңына дейін өңделген өнімнің үлесін 45%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін СҚО-ның сүтті мал шаруашылығындағы тәжірибесін пайдалана отырып, 10 млрд теңгеге сүт-тауар фермаларын салу және реконструкциялау бойынша 6 жоба қаржыландырылады, оның 3-еуі Шемонаиха ауданында, Глубокое, Ұлан және Алтай ауданында бір-бірден, - деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.
Осы жобалар іске асса, сүт өндіру көлемі жылына 47,5 мың тоннаға дейін және қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 2024 жылы 65%-ға дейін өседі деп жоспарланған.
Мұның бәрі халықты ішкі нарық өнімдерімен қамтамасыз етуге және инфляциялық процестерді тежеуге бағытталған. Облыс орталығының айналасында азық-түлік белдеуін құрумен қатар, жеміс-көкөніс және азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша өңіраралық және мемлекетаралық сауда байланыстарын орнату жоспарлануда. Ағымдағы жылдың күзінде "Алтай" көтерме-бөлшек сауда орталығын іске қосу - ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және ішінара өңдеу мүмкіндігімен фермерден тұтынушыға делдалсыз сауданы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қазақстанның Оңтүстік өңірлерінен, сондай-ақ Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Ресей мен Беларуссиядан өнімдерді тікелей жеткізуді реттеу жоспарлануда, - деп қосты ШҚО әкімі.