Өскемен
пасмурно
-4°
  • Өскемен
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -7°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -5°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Туркестан
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Самар ауданындағы Сарыбел ауылы 65 жылдығын тойлады

Самар ауданы Сарыбел ауылының азаматтары ауылдың 65 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізді

Усть-Каменогорск и ВКО / Самар ауданындағы Сарыбел ауылы 65 жылдығын тойлады
Фото:
Т. Қайрат ұсынды

Бірінші күні ас беріп, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырды. Ал екінші күні алтын құмның жағасында дүбірі жер жарған аламан ат бәйгесі өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.

Биыл Сарыбел ауылына 65 жыл толып отыр. Ауыл 2011 жылға дейін Ново-Тимофеевка деп аталып келген. Бұқтырма су қоймасын жағалай орналасқан елді мекенде дәл қазір 150-ден астам түтін бар. Халқының негізгі бөлігі мал шаруашылығы және туризммен айналысады. Шекесі Ертісті сүзіп жатқандықтан жыл сайын неше мыңдаған турист осы жағалауға табан тірейді. Суы тұнық, құмды жағажай. Сол үшін де кейбірі бұл жерді "Алтын құм" деп те атайды. Бұқтырма су қоймасы салынып, арнасын толтыра бастағанда су астында қалатын 10 шақты ауылды көшіріп, жақын маңдағы елге қосыпты. Сол кезде осы Сарыбел аман қалған.

Дәл бүгін Сарыбел ауылының аспаны әнге бөленді. Бір кездері аядай ғана ауылдан арман қуып алысқа кеткен ұландары туған жерінің төріне қайта оралды. Жай оралған жоқ. Елдіктің, бірліктің жалауын асыл мұра қылып, ауылдың төріне қазық қылып қақты. Ұлы тойды еңбектеген баладан еңкейген қарияларына дейін тойлап жатыр. Жүздерінде күлкі, алыс-жақыннан сағынышпен қауышқан ауылдастар арқа-жарқа болып қалды.

Салтанатты жиынға аудан әкімі де қатысып, серыбелдіктерді мерейтойларымен құттықтады. Ақжаулықты әжелеріміз шашу шашып, тойдың мерейін асырды. Өнерпаздар ақын Фархат Маратұлының ауылға арнаған "Сарыбел" әнін шырқады.

Шараның ең бір ерекше тұсы – аталған ауылда 1973-2006 жылдар аралығында мектеп бітірген түлектер сол кездегі киім үлгісімен киініп, шеруге қатысты. Көзі тірі азаматтар ауызбіршілік танытып, түгел жиналған. Сырт көзге өте әсерлі көрінді. Ұзыннан-ұзаққа созылған түлектерге қарап-ақ әр жылдың өзгеше болмысын, бейнесін, естелігін еске алуға болады.

Айта кету керек, мерейтойға орай түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылды.

Ауылымыздың жан-жақта жүрген азаматтары туған жерімізге қайта оралды. Балалық шағымыздың естелігі қалған ауылымызға биыл 65 жыл толыпты. Осыған орай ауыл азаматтары ауызбіршілік танытып, өз күштерімен мерейтойын жасап жатыр. Барлығы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Туған өлкеміздің түтіні түзу ұщса, біз үшін бұдан артық бақыт жоқ. Ауылдастарыма алғысымыз шексіз, – дейді ауыл тумасы Төлеген Әшімұлы.

Төлеген Әшімұлы – туған ауылының көркеюіне өз үлесін қосып жүрген ел ағаларының бірі. Ауылдағы мәдениет үйі мен әкімдікке күрделі жөндеу жұмыстарын өз қаражатына жүргізген. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішті де осы кісі салып беріпті.

Ауыл азаматтары берекесінің арқасында кіреберістегі аркадан бастап ауыл ішінің көптеген жұмыстарын демеушілер жасап беріпті. Игі іске бұрын осында білім алған басқа ауылдың жанашыр азаматтары да атсалысқан. Бүгінгі тойдың да ұйымдасуы осы береке-бірліктің арқасы.
Мерекелік концерттен кейін марапаттау сәті басталды. Ауылдың дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың ешқайсысы ескерусіз қалмады. Арнайы Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ел алдына шығарып құрмет көрсетті. Иығына оюлы шапан жауып, ауылға сіңген еңбегі үшін кеуделеріне медаль тақты. Кейін ас беріліп, мұрқұм болған ауыл адамдарының рухына бағыштап құран оқылды.

Ақсақалдардың айтуынша, әу баста көкейде жүрген ойдың түйінін ағытып, мерейтойдың өтуіне тікелей бастамашы болған Төлеубек Саветқанұлы екен. Ол – осы ауылдың тумасы.

Сарыбел ауылында туып-өстім. Жоғары оқу орнын бітіріп, ауылыма келіп жұмыс істедім. Мерейтойға ұзақ дайындалдық. Себебі жан-жаққа тараған ауылдастарымызбен байланысу біршама ұзақ уақыт алды. Ақылдаса келе, шараны өткізуге бел байладық. Бірақ бұл үлкен жауапты жұмыс болғандықтан белсенді азаматтармен бірге істедік. Бұл бір-екі күнде шешіле салатын мәселе емес. Ауылымыздың тарихы да ұзақ. Бәрін ескеруге тура келді. Сөйтіп, демеушілер іздедік, қор аштық. Соның бәріне жарты жыл уақыт кетті. Нәтижесінде ауылдастарымыздың берекесінің арқасында осындай торқалы той жасап жатырмыз. Осы орайда демеушілік жасаған барлық азаматтарға алғыс айтамын, - дейді шараның негізгі ұйымдастырушысы Төлеубек Саветқанұлы.

Шараның өтуіне аудандық және ауыл әкімі де атсалысты. Мерейтойдың үлкен дайындықпен жасалғанының тағы бір дәлелі – ауыл тұрғындарының шежіресі мен тарихы туралы мәліметтер арнайы жасалып, мәдениет үйінің алдына іліп қойыпты. Ұрпақ үшін бұл таптырмас құнды дүние екені айтпаса да түсінікті.

Өскеменнен арнайы қонаққа келдік. Сарыбел ауылының тұрғындарын мерейтойларымен шын жүректен құттықтаймын. Барлығы өте жоғары деңгейде өтті. Ауыл азаматтары бірлесіп өткізгенін естіп, риза болдым. Бірлік пен береке - игі істің бастамашысы. Әсіресе түлектердің шеруі балалық шағымызды еріксіз еске түсірді, - дейді Қайрат Құмарбекұлы.

Ертесінде ауылдың шетінде аламан бәйге өтті. Әр аудан, ауылдан келген саңлақтар тұяғымен қара жерді қабыстыра шауып, жел қуалап жарысып барады. Бабы мен бағы жарасқан тұлпарлар бірінен соң бірі мәре сызығын кесіп өтіп жатыр. Бапкерлер аттарын аламан бәйге, топ бәйге, ауыл аттарының бәйгесі бойынша жарысқа қосқан. Осы орайда аламанда топ жарған жүйріктің иесімен сөйлесіп көрдік.

imgonline-com-ua-Resize-YfNTkAqMR17ww.jpg

Мен осы ауылдың тұрғынымын. Бәйге атын баптаумен айналысқаныма 42 жыл болды. Қазірге дейін қанша бәйге алғаным есімде жоқ. Ақырғы үш жылда немерем шауып жүр. Ол да аттың құлағында ойнайды. Өте жақсы көреді. Аттарым аудандық, облыстық, тіпті республикалық додаларда топ жарып келді. Ауылдың үштен бір бөлігі қалса да ауылдастарымызбен бірге осы ұлы тойды ұйымдастырып жатырмыз. Барлықтарына алғысымыз шексіз, – дейді ат бапкері Сайранбек Жолдыбаев.

Айта кету керек, Сайранбек Жолдыбаевтың сайгүлігі аламан бәйгеде бірінші келген болатын. Жүлделі келген тұлпарлардың бапкерлеріне бағалы және қаржылай сыйлықтар табысталды.
Салтанатты дүбірдің жан тебірентер әсері жұрттың жүрек лүпілінде қалып қойғаны белгілі. Жұрт іс-шараны ұйымдастырған ауыл азаматтарына риза болып тарқады.

Следующая →