Погондағы нәзік жандылар жауынгерлік қарудан оқ атудан сынға түсті
Әскери қызметтегі азаматшалар ерлермен қатар 25, 100 және 300 метр қашықтықтан оқты нысанаға дәл тигізуге тырысты
Өскеменде "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік қарудан оқ ату бойынша жеке-командалық біріншілігі өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп.
Жарысқа өңірлік қолбасшылық бөлімдерінен келген 40-қа жуық құрама команда Макаров тапаншасы мен Калашников автоматынан және Драгунов снайперлік винтовкасынан өздерінің мергендік шеберліктерін сынға салды. Біріншілікке ерлермен қатар әйелдерден құралған әскери қызметкерлер де 25, 100 және 300 метр қашықтыққа атудан нысанаға дәл тигізуге тырысты.
Бұл жарыстың негізгі мақсаты ағымдағы жылдың тамыз айында Қарағанды қаласында өтетін Ұлттық ұлан чемпионатында бақ сынайтын "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының құрамасын іріктеу, - дейді "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының дене дайындығы жіне спорт бастығы подполковник Бауыржан Дарыбаев.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте 5512 әскери бөлімінен келген Павлодарлық құрама чемпион атанды. Ал екінші орынды Өскемендік 5518 әскер бөлімінің құрамасы жеңіп алса, қола жүлдені 3514 әскери бөлімінен жасақталған Курчатов құрамасы жеңіп алды.