Алтай ауданындағы таулы аймақта шөп өртенді
Северное ауылына жақын жерде шыққан өртті сөндіру қиын болып тұр
Таулы жердегі құрғақ шөп пен бұталар бүгін тұтанған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
14. маусымда түнде Алтай ауданындағы Северное ауылынан 7 км қашықтықта, жету қиын таулы жерлерде құрғақ шөптер мен бұталар өртеніп кетті. Сағат 06.25-те 3 га алаңдағы өрт сөндірілді, - деп хабарлады ШҚО ТЖД.
Осыдан кейін сағат 11-лер шамасында Северное ауылынан 10 км қашықтықта тағы да құрғақ шөптер мен бұталар тұтанған. Өртті сөндіру жұмыстары қиынға соғуда. Өйткені өрт аймағына жету қиын, оның үстіне жел екпіні қатты әрі бағытын өзгертіп тұр.
ШҚО ТЖД ақпаратына сүйенсек, тілсіз жауды ауыздықтауға орман шаруашылығы мен жергілікті атқарушы органнан барлығы жүзден астам адам жұмылдырылып, 7 техника тартылды. Алдын ала болжам бойынша өрт алаңы 15 га. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
"Қазгидромет" ШҚО филиалының ақпараты бойынша, 15 маусымда облыс бойынша төтенше өрт қаупі сақталады. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті өте сақ болуды ескертеді.
Рұқсатсыз от жағу, құрғақ шөпті бақылаусыз өртеу және өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтамағаны үшін ҚР Әкімшілік бұзушылықтар туралы кодексінің 336 және 410-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Өрт анықталған жағдайда "101" және "112" телефондары бойынша дереу хабарлау қажет.