ШҚО-да рұқсат етілмеген жерде суға түскен ер адам батып кетті
Кеше қауіпсіздік шараларын ескермеген Алтай ауданының тұрғыны суға батып кетті
Құтқарушылар облыс тұрғындарына алдағы аптап ыстықта суға түсерде аса мұқият болуды ескертеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бүгін ШҚО-да +35 градус ыстық, алдағы күндері сыртқы ауа температурасы тіпті +41 градусқа дейін жетеді деп болжануда. Осыған орай су айдындарына ағылатындар саны артатыны сөзсіз. Құтқарушылар қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарамай, тек жабдықталған орында суға түсуді ескертеді.
Құтқарушылардың бірнеше мәрте ескертулеріне қарамастан, 4 маусымда Алтай ауданында, Бұқтырма су қоймасындағы Прибрежный кентінде 1975 жылы туған ер адам рұқсат етілмеген жерде шомылу кезінде суға батып кетті, - дейді ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Орынбеков.
Руслан Орынбеков ыстық ауа райына қарамастан, су әлі жеткілікті жылынбағанын және шомылу кезінде адамның денесі тартылып қалуы мүмкін екенін атап өтті. Суға түспес бұрын дайындалып, денені алдын ала қыздыру керек, ал судың температурасы 20 градустан төмен болмауы керек.
Ағымдағы жылы облыс аумағында 5 коммуналдық жағажай жұмыс істейтін болады: 2 - Алтай ауданында, 2 – Өскеменде, 1 - Ұлан ауданында, сондай-ақ Катонқарай ауданы мен Риддер қаласында жағажайлар ашу жоспарлануда.
Қазіргі уақытта облыс әкімдігінің жаңа қаулысы бойынша шомылуға арналған 21 учаске анықталды және 74 орынға тыйым салынды.
Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзған немесе орындамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Төтенше жағдай кезінде 112 нөмірі бойынша хабарлаңыз.