Саяси қуғын-сүргін: ШҚО-да 1350 адам тұтқындалып, 300-і ату жазасына кесілді
31 мамыр – 1920 жылдан басталып, 1987 жылға дейін жалғасқан саяси қуғын-сүргіннің құрбандарын еске алатын күн
Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада қалалық әкімдік, ардагерлер алқасының, қоғамдық ұйым өкілдері мен саяси партия мүшелерінің, тарихшылардың қатысуымен "Тарихтан тағылым – өткенге тағзым" тақырыбы аясында кездесу өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қазақстанда 1997 жылдан бері 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп бекітілген.
Қазақ елінің тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлермен қатар, қасыретті кезеңдер де аз болған жоқ. Қазақтың қаншама қабырғалы тұлғалары солақай саясаттың құрбандарына айналды. Тарихи деректерге сүйенсек, 1921-1954 жылдар аралығында КСРО-да "контрреволюциялық" немесе "антисоветтік" деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталса, олардың 642 мыңы ату жазасына кесілген. Солақай саясаттың құрбанына айналғандар арасында ұлт зиялылары да бар.
"Халық жауларын анықтау" саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталған, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді.
31 мамыр қазақ даласында ашаршылықтан қаза тапқандарды да еске алу күні ретінде аталып өтеді. 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан, әсіресе қазақ халқы қатты зардап шекті. елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды. Кейбір деректер бойынша ең кемі 2 млн адам аштықтан ажал құшқан. Ал 200 мың қазақ басқа мемлекеттерге көшіп кетті. Кейбір ауылдар түгелімен жоқ болып кетті.
Қазіргі ұрпақ жазықсыз жала жабылып, жазаланған ата-баба есімін ақтап алу үшін тарихтың қатпарларын ақтаруда.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылы "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы" Жарлыққа қол қойды. Мемлекеттік комиссияның жұмысына қолдау көрсету мақсатында 2021 жылы ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығы ашылды. Орталықтың қорында 1 миллион 132 мың іс сақталған.
Бүгін тарихтың ақтаңдақтарын еске алып, саяси репрессия құрбандарын аза тұту күні. Мемлекет үшін маңызды дата, - дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит. - Өткен ғасырда саяси репрессияның бірнеше толқыны өтті. Бұдан жекелеген адамдар емес, қаншама отбасылар, бүкіл халық зардап шекті. Репрессия машинасы шынымен де қатігез еді. Қазақстанда 100 мыңнан астам адам сотталып, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді.
Бұдан бөлек, ресми мәліметке сәйкес аштық жайлаған 32-33 жылдары 2 миллионнан астам адам өлді. Олардың ішінде 1 млн 300-і Қытай, Моңғолия сияқты елдерге көшіп кетті.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша 1350 адам тұтқындалса, 300-і ату жазасына кесілді. Біздің ғалымдар жүргізіп жатқан жаңа зерттеулер одан да қорқынышты ақпараттарды ашып, қазақ болғандар саны да артып келеді. Президенттің "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі" Жарлығы негізіндегі тапсырмасы бойынша үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Біздің міндетіміз – қазақстандықтардың жақсы есімдерін қалпына келтіру. Біздің облыста Президенттің Жарлығынан кейін комиссия құрылып, ғалымдар, архив қызметкерлері 9 бағыт бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жұмыстардың барлығы республикалық комиссияға жіберілді. Енді ұмыт қалған, белгісіз кеткен бұл есімдер ақталып, жақсы аттары қайтарылады деп сенеміз, - дейді Ирина Федоровна.
Өскемен қаласы әкімінің айтуынша, Үржар ауданында бүтіндей бір рудың тұқымын тұздай құртқан алқап анықталды. Бұл дерек әлі де көп ізденісті, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді талап етеді.
Жазушы, журналист Меңғали Мусиннің саяси қуғын-сүргін туралы журналистік зерттеу кітабында Катонқарағай ауданында ауыл тұрғындарын апарып атып, лақтырған құз-жартас туралы деректер бар. Катонқарағай ауданындағы бұл құз-жартас әлі де іздестіріліп жатыр. Ол жол аса құпия сақталған, бірақ жүздеген адам сол құздан лақтырылған. Бұл да зерттеуді қажет ететін естелік, - дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары.
Бұл жиында тарих ғылымының кандидаты Маратбек Ақанов сол бір зобалаң замандағы солақай саясат пен тоталитарлық жүйе құрбандары болған өңіріміздегі тауқыметті тағдырлар туралы деректертер келтіре отырып, жастарға үндеу жасады.
Қабанбай, Бөгенбай батырларымыз сынды жылқы мінезді, асау қазақтар 20-шы ғасырда коммунистердің кесірінен жуас, жалтақой, мүмкін қорқақ бола бастады. Тура айтатын, жүректері елім-жұртым деп соққан Алашорда азаматтарының орнына жалтақой, бас шұлғитын, жағымпаз коммунистер келді. Халық қатты өзгеріп кетті. 20-30-шы жылдары 4 млн қазақтың қырылғаны емес, кешегі Семей полигоны немесе басқа да оқиғалар емес, дәл осы халықтың өзгеріп кетуі – қазақ үшін үлкен қасірет. Енді біз қайтадан рухымызды көтеруіміз керек. Халық үшін еңбек етуіміз керек, - дейді профессор Маратбек Қамзаұлы.
ШҚО прокуратура ардагерлері кеңесінің төрағасы Найзабаев Ғазиз Тәшенұлы өз баяндамасында сол кездері жазықсыз жазаланғандардың осы күнге дейін 24 мыңы ақталса, жалалы болған сан мыңдаған қазақстандықтардың істері арнайы комиссиялармен, құзырлы мекеме өкілдерімен әлі де қаралып жатқанын жеткізді.