ШҚО тұрғындарына заңгерлер тегін кеңес бермек
Кез келген азамат жеке бас мәселесіне қатысты облысымыздың үздік заңгерлерінен консультация ала алады
ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі азаматтарды "Халық заңгері" жалпыреспубликалық акциясына шақырады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Кездесу 26 мамыр күні сағат 17.00-де Өскемен қаласындағы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде (Қазақстан көшесі, 55 мекенжайы бойынша) өтеді.
Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету.
Кез келген азамат облысымыздың үздік заңгерлерінен, мемлекеттік мекемелердің басшыларынан қажетті консультация ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары болады, - деп хабарлайды ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.
Яғни, азаматтар бір орында, тегін жеке мәселелеріне жауап ала алады.
2016-2022 жылдар аралығында акцияға 7000-нан астам үздік сарапшы және мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын құзыретке ие өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 150 000-нан астам азамат консультация алды.