Өскеменде оқушыларға қазақтың ұлттық ойындарын үйрететін орталық ашылды
ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасында "Сақ" этно-мәдени орталығы ашылды
Бұл орталықта оқушылар қазақтың ұлттық ойындарын үйреніп, салт-дәстүрімен танысады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Күн ұзаққа ұялы телефонға үңіліп үйде отырған бала үшін нағыз бүгінгі күні қажет орталық. Өйткені бұнда балалар тек ұлттық ойындарды үйреніп қана қоймай, қазақтың қолөнерін де меңгере алады.
Айта кеткен жөн, қазақтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі мен көнеден келе жатқан бұйымдарымен өзге ұлт өкілдері де келіп таныса алады.
Қазақ халқының арғы дәуірлердегі мәдениетін ұмытпай, ұлттық болмысын қалыптастырған құндылықтарды лайықты дәріптей білудің көрінісі ретінде біздің облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында "Сақ" этно-мәдени орталығы ашылды. Бұл орталық - түркі халықтарының тарихынан, оның бір тармағы болып келетін қазақ халқының ұлттық ойындарынан, мәдениетінен, өнерінен хабар беріп, балаларды ұлттық салт-дәстүрге сусындатпақ. Тек қана ұлттық ойындармен шектелмей, таным көкжиегін кеңейтетін кітаптар насихатталып, әр түрлі пікірталастар ұйымдастырылады, ғылыми жобалар жазылып, оқырман алдына жетеді деген ойдамыз, - дейді кітапхана қызметкері Аян Қалымбектегі.
Бұл орталықтың басты мақсаты - балаларды бағзы замандағы қазақтың теңдессіз салт-дәстүрімен, жылдамдық пен шапшаңдыққа тұнып тұрған ойындарымен, күйлі, нәрлі тағамдарымен, оралымды ойға бай мақал-мәтелдерімен таныстыру. Адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, төзімділікке, адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған ұлттық ойындарды, мәселен, садақ ату, ләңгі тебу, асық ату, т.б. ұлттық ойындарды ойнату. Сонымен қатар, этно-мәдени орталығы қазақ халқының ғана емес, бауырлас түркі халықтарының тыныс-тіршілігі мен салт-дәстүрінен мол мағлұмат береді. Сондай-ақ, келушілерді қамшы өру, кесте тігу, ұршық иіру, сурет салу сынды қолөнерге де баулиды.
Орталықта қазақ халқы бұрын қолданып, қазіргі таңда қолданыстан шыққан заттарынан құралған көрмесі бар. Орталықтың ашылу шарасында қолөнер шебері Дүйсен Шөкенұлы өзі жасаған заттарды көрмеге әкеп, қамшы өру мен ертоқым, киіз үйдің жасалу жолдарын көрсетті. "Қоңыр: үн, тіл, діл" инсталляциялық көрмесі арқылы қатысушылар бағзы замандағы қазақ халқының сыр мен мұңға толы әуездерін тыңдап, әншілер мен күйшілер туралы толық мағлұмат алды.