Ертіс өзенінде жүзіп жүрген қайық аударылып қалды
Аударылған қайықтан құлаған екі адамды туристік теплоход қызметкерлері құтқарып қалды
Екі адам қайыққа отырып Ертіске шыққан. Алайда қайықты ер адам басқара алмай аударып алған, деп хабарлайды Устинка LIVЕ тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратына сүйеніп.
Оларды жақында жүрген теплоход дер кезінде байқап, көмекке жетіп үлгерді.
Сол уақытта "Звезда" теплоходының капитаны Александр Бахарев пен рульдік-моторист Андрей Денисенко жолаушылармен бірге Ертіс өзенінің бойындағы "Самал саябағы - Өзен вокзалы" тұрақты бағыты бойынша келе жатқан, - делінген хабарламада. - Суда қайықпен жүзіп аударылып қалған әйел мен ер адамды байқай салысымен бірден әрекет етіп, кемеден құтқару шеңберін лақтырып, судағы адамдарды шығарып алды.
Қайықтан құлаған екеуі құтқару кеудешелерін киген екен.
Осы орайда ШҚО ТЖД халыққа судағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін еске салады:
- қайыққа отырған кезде құтқару кеудешелерін киюді ұмытпаңыз
- жүзу құралын шамадан тыс жүктемеңіз.
- қолайсыз ауа райында және қатты желде өзендер мен көлдерге жүзу құралдарымен шықпаңыз.
Төтенше жағдайлар кезінде 112 нөмірі бойынша хабарлау қажет.