ШҚО драма театрының үздіктері "Маска" сыйлығымен марапатталды
Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында облыстық мәдениет басқармасының "Маска" сыйлығымен салтанатты марапаттау рәсімі өтті
Бүгін, 27 наурыз – халықаралық театр күні, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл мереке қарсаңында ШҚО драма театрында бір жылда сахналанған қойылымдар арасынан үздігі таңдалып,үздік театр қызметкерлерінің еңбектері еленді.
Бұл жолы сараптамалық комиссияның төрелігіне 8 спектакль ұсынылды: оның төртеуі классикалық пьесалар бойынша сахналанған комедиялар, екеуі ертегі, біреуі психологиялық драма және біреуі қуыршақ ертегісі, - делінген ШҚО драма театрының баспасөз қызметі ақпаратында. - Марапаттардың көпшілігі жылдың үш "фаворитіне" – А. Островскийдің "Волки и овцы" (қоюшы-режиссері Татьяна Баева), Р. Кунидің "№13" (қоюшы-режиссері Дос Құбаш) және Е. Шварцтың "Аты жоқ спектакль" (қоюшы-режиссері Ақжол Сақанов) қойылымдарына бұйырды. Бұл қойылымдарда керемет актерлік шеберлік те, қажырлы режиссерлік жұмыс та көрініс тапты.
Марапаттарды Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Самат Қасенов табыс етті.
"Үміт" және "Жас дарын" номинацияларында биыл жаңа есімдер аталды. Алғаш рет бұл марапатқа Райхан Жұмақанова, Юлия Забавская және Тимур Тұраров лайық болды.
Сондай-ақ, театр қайраткерлерінің ерекше еңбегі арнайы номинациялармен марапатталды. ҚР "Мәдениет қайраткері" Дінмұхамет Ұябайдың бай кәсіби тәжірибесі үшін "Қазына" номинациясы, ал өнердің дамуына қосқан үлесі үшін "Маска" сыйлығы қазақ театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лакаеваға берілді.
Ал Рүстем Есдәулетов атындағы сыйлық өз ісіне шексіз берілгендігі мен адалдығы, қайталанбас шеберлігі мен еңбекқорлығы үшін құрылған бұл жоғары марапатқа орыс театрының актрисасы Марина Соколова ие болды.
Салтанатты рәсімде барлығы 23 "Маска" сыйлығы табысталды.