96 жастағы ШҚО тұрғыны дабылқаққыштың көмегімен аман қалды
Улы газ шыққанда дабыл қағатын құрылғы Ұлан ауданындағы кейуананың өмірін сақтап қалды
Оны Ұлан ауданының ТЖД мамандары былтыр күзде арнайы орнатып берген екен. Өйткені 96 жастағы қария жалғыз тұрады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бүгін түскі уақытта Каменка ауылында тұратын қарияның үйіндегі пештен түтін шыққан. Улы газ шыққанда құрылғының дабыл белгісі іске қосылған. Өзі жүріп-тұра алмайтын әже оны естіп, көмекке келіп жүретін әлеуметтік қызметкерге хабарласқан. Ал әлеуметтік қызметкер әженің көршісінен көмек сұрап, көршісі қарияны үйден алып шыққан, - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта жергілікті әкімдік қызметкерлері әженің мұржасын тазартуға көмектесуде.
Үй иесінің айтуы бойынша, бұл құрылғының қатты шыққан дыбысы оған дер кезінде әрекет етіп, аман қалуына мүмкіндік берді.
Жыл сайын әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың үйіне осындай құрылғылар орнатылады. Ағымдағы жылы жылыту кезеңі алдында жергілікті атқарушы органдар мен демеушілердің көмегімен біз Шығыс Қазақстан облысы аумағында тұратын 3000-нан астам отбасын дабылқаққышпен қамтамасыз еттік. Үш жылдың ішінде сигнализаторлар 8 рет іске қосылған. Нәтижесінде 32 адам, оның ішінде 22 бала құтқарылды, - деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.