Танымал хореографтар ШҚО бишілеріне шеберлік сабақтарын өткізді
Өскеменге ҚР еңбек сіңірген әртісі Сержан Кауков пен "Мәдениет саласының үздігі" Айжан Карымбаева келді
Олар бірнеше күн бойы "Алтай" халық би ансамбліне және халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің педагогтары мен студенттеріне классикалық, заманауи және халық билері бойынша шеберлік сабақтарын өткізді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бүгін би ансамблі шеберлік сабақтарынан үйренгендерін үлкен сахнада көрсетті.
ШҚО әкімінің шақыртуымен облыстық ансамбль бишілерінің деңгейін байқап, өнерін дамытып, шеберлік сабақтарын өткізу үшін келдік. Негізгі мақсат – барлық билердің негізі болып табылатын классикалық би бойынша шеберліктерін шыңдау, - дейді Сержан Кауков. - Аз уақытта осындай ұжымды жинау өте қиын. Дегенмен ансамбль деңгейі жаман емес. Бірақ биші әрдайым қозғалыста болуы керек, әрдайым тәжірибе алмасып, өзгелерден үйреніп отыруы қажет.
Айта кетейік, "Дарын" мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сержан Кауковтың Өскеменге бірінші рет келуі. Ал Айжан Карымбаева екінші мәрте келіп отыр.
Өткен жолы модерн бойынша шеберлік сабақтарын өткізсек, бұл жолы классикалық, ұлттық бағыттарға басымдық берілді. Жастар дарынды, зал кең, барлық жағдай жасалған. 3 жылдай уақыт ішінде ұжымның өскені байқалады, - дейді Айжан Карымбаева.