Өскеменде биыл типтік балабақшалар қалпына келтіріледі
Биыл шаһарда үш балабақша ашылып, 700-ге жуық жаңа орын пайда болады
Бұл балабақшаға кезекті 15 пайызға азайтпақ, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Өскемен қаласы әкімінің ақпаратына сүйеніп.
Өткен жылы Протозанов, 37 және Космическая 6/3 мекенжайларында орналасқан бұрынғы типтік балабақшалардың ғимараттары қайтарып алынған болатын. Бұған дейін ол ғимараттар ұзақ уақыт бойы басқа мақсатта пайдаланылып келген.
Биыл олар осы аудандағы балалар үшін есігін айқара ашады. Қазір ғимаратты кәсіпкерлерге сенімді басқаруға беру бойынша конкурстық процедуралар жүргізіліп жатыр. Кәсіпкерлер ғимараттарды жөндеуден өткізіп, балабақшаның жұмысын ұйымдастыратын болады, - дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. - Сонымен қатар, біз жоспарлағандай, қаңтар айында Челюскин көшесіндегі жаңа балабақша да дайын болды. Ол да бұрын мектепке дейінгі білім беру мекемесі орналасқан ғимаратта ашылып отыр.
Жалпы алғанда, бұл 660 жаңа орын – бүгінгі таңдағы кезектің 15 пайызы.
Айта кеткен жөн, алдағы екі жылда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 1290 орындық жаңа балабақшалардың құрылысы бойынша тағы бес жоба қарастырылып жатыр.