Жүргізуші куәлігі жоқ Ұлан тұрғыны 5 жылға қамалуы мүмкін
Жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізген Ұлан ауданының тұрғыны бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Ол жүргізуші куәлігінен бұған дейін 7 жыл мерзімге айырылып қалған екен, деп хабарлайды Устинка LIVE сайты ШҚО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ШҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде 38 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы "Hyundai" автокөлігін тоқтатқан. Полиция қызметкерлері жүргізуші масаң күйде болды деген күдікте, алайда ер адам медициналық куәландырудан бас тартқан, - деп хабарлайды ШҚО ПД.
Оның өткен жылы сот шешімі бойынша 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды.
Қазіргі уақытта ұсталған адамға қатысты ҚР ҚК-ның 346-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Кінәсін мойындаған жағдайда бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін, - делінген хабарламада.