ШҚО тұрғындары темірін сату үшін зираттарды қиратқан
Глубокое және Ұлан аудандарының екі тұрғыны бір ай ішінде 7 зиратты тонаған
Қалалық №2 соты бұл екі азаматқа қатысты сот үкімі шыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қалалық №2 соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сотталушылар металл сынықтарын қабылдау пунктіне өткізу үшін зираттарды бүлдіріп келген.
Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданы Степное ауылы тұрғындарының бірі қылмыстық әрекетін ойластырған соң танысын істес болуға шақырады. Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде тұратын оған жоспарының бүге-шігесін түсіндірген соң екеуі іске кіріскен. Айыпталушылар бір айдың ішінде қаладағы 7 зиратты бүлдірген, - делінген ақпаратта.
Сот отырысында ер адамдарға ҚР Қылмыстық Кодексінің 314-бабы (топ болып алдын ала сөз байласып, жерлеу орындарын бірнеше рет бүлдіру және қорлау) және 188-бабы (ұрлық) бойынша айып тағылды. Сотталушылар өз кінәларын толықтай мойындаған. Сот шешімімен олар төрт жылға бас бостандығынан шектелді.