Өскемен қаласының үздік жастары анықталды
Өскемен қаласы әкімінің "Алау" жастар сыйлығы осымен төртінші жыл қатарынан табысталып отыр
Жыл бойы мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға үлес қосқан қаланың белсенді қыз-жігіттерінің арасынан үздіктері таңдалып, шаһар басшысының арнайы марапатына ие болады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Биылғы форумға қаламыздың жас көшбасшылары, жұмысшы және шығармашыл жастары, жас спортшылар, жастар қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты.
Марапаттау рәсімін аша отырып, қала әкімі Жақсылық Омар шаһар жастарының белсенді және бастамашыл тобын ерекше атап өтіп, жастарға жаңа табыстар мен жеңістер тіледі.
Жастар – кез келген мемлекеттің қозғаушы күші, жаңа реформалардың, тың өзгерістердің бастаушысы. Сондықтан да аға буын үнемі жастарға ерекше сенім білдіреді, үміт артады, - дейді Жақсылық Мұқашұлы. - Менің ойымша, біздің Өскеменнің жастары Қазақстандағы ең талантты, ең қабілетті, ең белсенді жастар. Оған спорт, өнер, ғылым, білім – кез келген салада респбуликалық, тіпті халықаралық додаларда бәсекеге түсіп, алдыңғы орындардан көрініп жүрген жастар дәлел. Жаңа Қазақстанды жасау үшін жастардың күші, жастардың жүрегі мен жігері, жалыны қажет. Сондықтан біз олардың кез келген игі бастамаларына, тың идеяларына қолдау білдіруге міндеттіміз. Сіздердің қолдарыңызда тек өз болашақтарыңыз емес, бүкіл еліміздің болашағы тұрғанын ұмытпағайсыздар.
Сонымен биыл қала әкімінің премиясына 7 номинация бойынша барлығы 76 өтініш келіп түскен. Солардың арасынан оқ бойы озық шыққандар:
- О. Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Дамиля Темирханова "Үздік оқушы";
- Өтініш білдірген жиырмадан астам студент арасынан "Үздік студенттік көшбасшы" номинациясына Абай атындағы ШҚГК студенті Анель Уатханова лайық деп танылды.
- Ал комиссия шешімімен "Үздік жас ұстаз" номинациясына екі маман таңдалған: О. Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Ақерке Қадырова; №46 мектептің мектепке дейінгі даярлық тобының тәрбиешісі Жадыра Жақсылыкова.
- Д. Серікбаев атындағы ШТУ-дың phD докторы, 30-дан астам ғылыми еңбектің авторы Самат Байгереев "Үздік жас ғалым" атанса;
- Өскемен жылу электр орталығының қызметкері Сырым Өмірзақов "Үздік жас өндіріс маманы";
- Көркем гимнастикадан ҚР ұлттық құрамасының мүшесі, С. Аманжолв атындағы ШҚУ 3-курс студенті Рената Жолдинова "Үздік жас спортшы";
- Ал қаланың "Үздік жас блогері" - ағайынды Абдуллиндер атындағы училище студенті Арман Мустафин.
Осы орайда айта кетейік, жалпы Өскемен қаласында 20-дан астам жастар ұйымдары жұмыс жасайды. Соның ішіндегі негізгісі - "Жастар" ресурстық орталығының құрылғанына биыл 10 жыл болған екен.