Өскеменде күйеуі келіншегін үйінде босандырып алған
Толғағы басталған келіншекті жедел жәрдем жеткенше күйеуі аман-есен босандырып алды
Оқиға 11 желтоқсан күні облыс орталығында орын алған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жүктіліктің 37 аптасында келіншек кенет толғата бастайды. Сол кезде күйеуі бірден жедел жәрдем шақыртқан.
Алайда медицина қызметкерлері жеткенше диспетчер ер адамға телефон тұтқасын қойғызбай, не істеу керектігін түсіндіріп отырған.
Диспетчер Любовь Нумалова ер адамға әйелін босандыру үшін кезең-кезеңімен нұсқаулықтар берген. Телефонды дыбыс күшейткішке қойған азамат әр айтқан әрекетті қайталап отырды. Көп ұзамай келіншек аман-есен босанып, шақалақтың жылаған үні естілген, - деді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.
Содан соң диспетчер баланы анасының кеудесіне қоюға кеңес берген. Сәлден кейін жедел жәрдем қызметкерлері де келіп жетті.
Қазіргі таңда анасы мен баласы үйлерінде. Екеуінің де жағдайы жақсы, - деп мәлімдеді мекеменің баспасөз қызметі.
Осы орайда айта кетейік, осылай телефонмен нұсқаулық беру арқылы дәрігерлер көп адамның өмірін алып қалды.
Мәселен, осы жағдайдан кейін ертеңінде жедел жәрдем қызметіне тағы бір шұғыл қоңырау түскен. 62 жастағы азаматшаның тыныс жолына бөгде зат тұрып, тұншыға бастаған. Сол сәтте қасында болған қызы дереу жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалған. Ал бригада жетемін дегенше диспетчер Али Кенесханов уақыт жоғалтпай тұтқаның арғы жағынан қалай әрекет ету керектігін нұсқап отырған.
Ол қыздың өзі де Геймлих әдісі туралы теориялық тұрғыдан хабардар екен. Бірақ сол күні диспетчердің пәрменін дұрыс орындай отырып, білімін тәжірибе жүзінде қолданып, анасының өмірін құтқарып қалды, - делінген ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәлімдемесінде. - Артынша жедел жәрдем бригадасы да жетіп, қажетті медициналық көмек көрсетілді.