Өскемен гарнизонында әскери қоян-қолтық ұрыс шеберлері анықталды
ҚР Қарулы күштерінің 30 жылдығына орай 27943 әскери бөлімінде әскери қоян-қолтық ұрысынан сайыс өтті
Бөлім командирінің кубогы сарапқа салынған додада бөлімшелер өз арасында мықтыны анықтады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Өскемен гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің жеке құрамы салтанатты шара алдында атаулы күнге орай митинг өткізді. Шара ары қарай концерттік бағдарламамен жалғасты. Ал әскери қоян-қолтық ұрысқа офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қатысты. Дүбірлі сайыста сынға түскен жауынгерлер жоғарғы даярлықпен келгенін алғашқы жекпе-жектерінен-ақ көрсете білді.
Әскери спорт түрлерінің ішіндегі тартысқа толы жарыстардың бірі осы қоян-қолтық ұрыс. Мұндай сайысты өткізудегі басты мақсат – жеке құрамның дене дайындығы мен жауынгерлік әзірлігін шыңдау. Әскери қызметшілердің рухын көтеру. Қарулы Күштерімізде әскери қоян-қолтық ұрысын кеңінен насихаттау, дамыту, - дейді подполковник Аслан Кітапбаев.
Сайыстың іріктеу кезеңінен бастап ақтық сынға дейінгі аралықта өткен жекпе-жектердің барлығы тартысқа толы болды. Түрлі салмақта сынға түскен әрбір жауынгер нағыз бабында екендіктерін көрсете білді. Әскери бөлім қызметкерлері аталған сайыстарды өткізу олардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинауларына сеп болады деген пікірде.
Қарулы күштер қатарында қызмет етіп жүрген әрбір азамат спортты жанына серік етуі керек деп санаймын. Мен бала кезімнен спортқа жақынмын. Әскерде жүріп осы жекпе-жектің қыр-сырын, әдіс-тәсілдерін меңгердім. Бүгінгі сында бақ сынап жатқан жауынгерлер осал емес. Қарсыластарымды «оңай шағылар жаңғақ» деп айтуға келмейді. Қарсыластарымның өте күшті дайындықпен келгендерін бірден байқауға болады, - дейді сержант Сапарәлі Данияр.
Тартысқа толы бәсекеде өзгелерден оқ бойы озып, жеңістің биік тұғырына көтерілгендер бөлім командирінің мақтау қағаздарымен, медальдарымен марапатталды.