Өскеменде "Желтоқсан алауы" мүсіндік композициясы ашылды
Бүгін облыс орталығында боздақтар рухына арналған мүсіндік композициясының салтанатты ашылуы болды
Сондай-ақ, Өскеменнің қай көшесіне "Желтоқсан" атауы берілетіні белгілі болды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Шығыстық желтоқсандықтар" кітабының тұсаукесерінен кейін жерлес желтоқсаншылар Ертіс жағалауы бойындағы аллеяға бет алды. Бұл жерге Өскемен қалалық әкімдігінің тапсырымен "Желтоқсан алауы" монументі орнатылып, бүгін желтоқсаншылардың қатысуымен салтанатты ашылуы болды.
Бүгін ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықты алған тәуелсіздік күні. Осы қастерлі мерекегше орайластырып бірқатар шаруаларды атқардық. Соның ішіндегі негізгісі - "Желтоқсан алауы" мүсіндік композициясы. Осыдан біраз уақыт бұрын желтоқсаншылармен кездесу кезінде желтоқсан оқиғасы ұлттың санасында қалуы үшін, ұрпақтың бойына сіңіру үшін не істеуіміз керек деген сұрақтан туындаған идея осы монумент орнату болатын, - деді ашылу салтанатына қатысқан Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.
Мүсіндік композиция мұз бейнесінде жасалған, ортасында тәуелсіздіктің символы ретінде алау бейнеленген, ал үстінгі бөлігіне қыран орналастырылған. Биіктігі – 5 метр, авторы – семейлік Нұрбол Қалиев.
Айта кетейік, ескерткіш өскемендіктер "Ғашықтар аллеясы" атап кеткен, Ертіс жағалауының Қабанбай батыр көшесіне тірелетін тұсында орналасқан. Енді осы Қабанбай батыр көшесінен "Бәйтерекке" дейін созылып жатқан көше Желтоқсан деп аталатын болады.
Ертісті жағалай өтетін көшеге Желтоқсан атауы беріледі, - деп атап өтті Жақсылық Мұқашүлы. - Қазір Үкіметтің қаулысы дайындалып жатыр.