Ертегі жазуға балалардың шалалығы түрткі болды
Өскемен қаласының кішкентай тұрғындарының бірі ертегі жазып, оны кітап етіп басып шығарған
Бүгін О. Бөкей атындағы қалалық кітапханада 2-сынып оқушысы Ерке Еркінованың "Терек мамығы" кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ерке облыстық мамандандырылған IT-лицейінің оқушысы.
Бұл кітапқа арқау болған оқиға негізінен көктемде орын алған. Мамыр келіп терек-талдар бүр жарып, артынша қала ақ мамыққа оранатыны бар. Ал балақайлар қызық көріп сол мамықты өртегенді жақсы көреді. Ерке көшеде осындай оқиғаның куәсі болған. Ол мамықты өртеп ойнап жүрген балаларды көріп, бұның салдары жайлы ойлана бастаған. Анасы да баласының қызығушылығын байқап, мамықты өртеудің салдары жақсылыққа апармайтынын түсіндіріп, бұл жайлы ақпарат іздеп, зерттеу жасауға көмектескен. Осылайша Ерке дос-құрдастарына бұл ойынның қауіпті екенін ертегі ретінде жеткізгісі келген.
Екі бала далада ойнап жүріп, мамықты өртегенін көрдім. Сосын балалар неге олай істеді екен деп ойландым. Анам бұл ойын қауіпті екенін, табиғатқа көп зиян келуі мүмкін екенін айтты. Мысалы, өрт сөндірушілер күніне отыз ретке дейін шақыртуларға шығады екен. Тіпті, Павлодар облысында осы мамықты өртеу кесірінен бес адам баспанасыз қалған, - дейді Еркенің өзі.
Тілсіз жаудың қаупін қатарластарына түсінкті тілде жеткізу үшін Ерке екі тентек қоянның бастан кешкен хикаясын жазып, кітапты өзі салған суреттермен көркемдеген. Ерке бұл кітабын жақында Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарға да сыйлап үлгерген.
"Болар баланың бетін қақпа, белін бу" дегендей, Еркенің ата-анасы мен ұстаздары, О. Бөкей атындағы қалалық кітапхана жан-жақты қолдау білдіріп, қатарластарына үлгі болуы үшін бүгін кітаптың тұсаукесерін жасады. 30 дана болып шыққан ертегіні балақайлар қаладағы кітапханалардан алып оқи алады.
Қызым ес білгелі ертегі, жұмбақ құрастырғанды жақсы көреді. Кез келген тақырып берсең, қиялына ерік беріп өзі әңгіме, ертегі құрастырып кетеді. Шығармашылыққа бейім, зерек болып өсіп келеді. Болашақта жазушы боламын десе де, басқа мамандықты таңдаса да ерік өзінде. Біз ата-анасы ретінде тек қолдаймыз, - дейді Еркенің анасы Ақмарал Ермекова.