Генерал-майор ШҚО-дағы әскери-патриоттық тәрбиені бағалады
ҚР Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Мұкан Дюсекеев Өскемендегі әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарымен танысты
Ол ең алдымен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтығұтовпен және әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында қызметін үйлестіріп жүрген басқарма басшыларымен кездесті, деп хабарлады Устинка LIVE тілшісі Өскемен гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірдегі әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарының іске асырылу барысын талқылады.
Бұдан кейін, Мұқан Естайұлы шығыстағы ардагерлер мен әскери патриоттық тәрбие беру орталықтарын аралады.
Бұл орталықтар балалар мен жастардың патриоттық тәрбиесіне баса мән беріп, патриоттық сананы, өз Отанына деген адалдық сезімін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етуі тиіс. Әрі азаматтық борышы мен негізгі конституциялық міндеттерді орындауды жүзеге асыруды қамтамасыз етулері қажет, - деді Мұқан Естайұлы кездесу барысында.
Патриоттық тәрбие беру жұмыстарының барысымен танысу үшін генерал Дюсекеев Ұлан және Глубокое аудандарына барып, ондағы әскери-патриоттық клубтардың жұмыс барысына ерекше көңіл аударды.
Осы аймақтың жігіттері өздерінің білімімен, мықты күш-жігерімен ерекшеленеді. Жергілікті билік өкілдеріне осындай орталықтардың қызметін жандандыруға көмек қолын созғаны үшін алғыс білдіремін, - деді Мұқан Естайұлы.
Аудандағы әскери орталықтардың қызметімен танысқан генерал аймақ жастарымен кездесті. Әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын көпшілікпен талқылап, салада кездесетін проблемаларды шешу жолын қарастырып, жалынды жастардың пікірін тыңдады.
Жалпы ШҚО әскери патриоттық тәрбие беру жұмысына генерал Дюсекеев жоғары бағасын берді.