Өскеменде қазақ тілін үйрететін клуб ашылды
Өскемендегі "Кел, сөйлесейік!" клубы қазақ тілінде еркін сөйлесуге үйретеді
Облыс орталығындағы Оралхан Бөкей атындағы кітапханада "Кел, сөйлесейік" атты тегін қазақ тілі клубының жұмыс істеп тұрғанына бір айға жуық уақыт болды.
Үйірменің мақсаты – өзге ұлт өкілдерін күнделікті тұрмыста қазақ тілінде емін-еркін сөйлесуге үйрету.
Бүгін Өскемен қаласының әкімі арнайы барып, клубтың жұмысымен танысты. Ондағы қазақ тілін үйренуге келген оқырмандармен тілдесті.
Бұл ең алғашқы қазақ тілінде сөйлесу клубы. Қазір өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген ынтасы артып келеді. Сондықтан біз осы орталықты аштық. Мемлекеттік тіл - қазақ тілі болғандықтан, барлығымыздың тілді меңгеруіміз керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта клуб өз нәтижесін береді. Қазақ тілін үйренгілеріңіз келсе, орталықтың есігі сіздерге ашық, - дейді қала әкімі Жақсылық Омар.
Қала әкімі мемлекеттік қызметпен Өскеменге ауысқанда ресми тіл - орыс тіліне шорқақ болғанын айтады. Өңірдегі мықты мамандардан дәріс алған Жақсылық Мұқашұлы тіл меңгерудегі ең басты қағида - ұялып, қысылмау керектігін айтады. Яғни, үйренгіңіз келген тілде көбірек сөйлесіп, тіл жаттықтыру қажет. Өйткені кез келген істе практика маңызды.
Ашылғанына көп уақыт болмаса да, бұл клубта бүгінде 15-ке жуық адам тіл үйренуде.
Қазақ тілі үйірмесіне оқушылармен қатар, ересектер де келіп жүр. Курстың ерекшелігі – грамматикасыз ауызекі тілде еркін сөйлеуге үйрету. Шәкірттеріміз күн санап артып келеді. Тез үйреніп жатыр. Көбінесе орыс ұлтының азаматтары келеді. Аптасына екі рет сабақ беремін. Жас ерекшелігіне шектеу жоқ, тегін үйретеміз, - дейді клуб жетекшісі Надежда Шушаникова.
Надежда Александровнаның ұлты орыс болғанымен қазақ тілінде еркін сайрап тұрған білікті маман. Клубқа жиналған кәрі-жаспен білгенімен бөлісіп, қазақ тіліне баулып жүр.