Өскемендіктер Республика күнін қалай атап өтті?
Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласының тұрғындары да Республика күнін кең көлемде атап өтті
Республика алаңында көк байрақ салтанатты түрде көтеріліп, тұрғындар үшін концерт, жәрмеңке, спорттық жарыстар ұйымдасырылды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтау сөз сөйлеп, Республика күнінің маңыздылығына тоқталды.
Республика күнімен Шығыс Қазақстан облысының барлық тұрғындарын құтықтаймын. Бүгінде облыстың ілгері дамуына үлестерін қосып жүрген барлығына терең ризашылығымды білдіргім келеді. Баршаңызды ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбекте табыс, бейбіт аспан және Отанымыз - Қазақстан Республикасына өркендеу тілеймін! - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Өңір басшысы мерекенің пайда болу тарихын еске салып өтті.
32 жыл бұрын, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданды. Құжатта аумақтың тұтастығы, бөлінбейтіндігі мен халықтар мәдениеті мен олардың тілдерін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттілік қағидаттары бекітілді. 2009 жылға дейін бұл күн мемлекеттік мереке болды, - деп атап өтті өңір басшысы.
Биыл бірінші Ұлттық құрылтай барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мерекеге ұлттық мәртебені қайтаруды ұсынды және Республика күні елдің мемлекеттілікке батыл қадамының символы болуға тиіс деп айтқан еді.
Сонымен қатар, ЖМК ауданындағы Тәуелсіздік монументі маңында қала жастары ұзындығы 24 метр көк байрақты көкке көтерді.
Қала әкімдігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, бұл акцияға 300-ден астам адам қатысқан. Көк байрақтың ұзындығы 24 метр болса, ені 12 метр, салмағы 100 келі.