Өскемен қаласының тұрғынының қалтасынан есірткі табылды
Облыс орталығының тұрғыны синтетика салынған 23 ораманы шолақ шалбарының қалтасына салып жүрген
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҚР ҰҰ ЖСН қатысуымен Самар тас жолы маңындағы теміржол өткелінің жанында "Рефлекс" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында 28 жастағы өскемендікті ұстаған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ұсталған азаматты жеке тінту барысында полиция қызметкерлері күдіктінің қалтасынан ұнтақ пен түйіршік түріндегі изолентамен оралған 23 ораманы тауып алып, тәркілеген.
Сараптама қорытындысына сәйкес, зерттеуге ұсынылған зат салмағы 1,52 грамм "альфа - pvp" және жалпы салмағы 19,02 грамм "мефедрон" психотропты зат болып шыққан.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-ның 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктіге үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтілуде.