Өскеменде Тарбағатай ауданының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті
Өскемен қаласындағы "Фреш Маркет" сауда-логистикалық орталығының аумағында Тарбағатай ауданының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері мен Өскемен қаласының кәсіпкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді
Ауыл шаруашылық өнімдері саудаланған жәрмеңкені облыс әкімі Даниал Ахметов аралап көрді. Кезекті жәрмеңкені асыға күтетін қалалықтардың осы жолы да қарасы көп болды. Тек ауыл шаруашылық өнімдері саудаланып қоймай, Тарбағатай ауданының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, жырдан шашу шашты.
Тарбағатай ауданының әкімі осы жәрмеңкеге 6 тоннадан артық ет өнімдері жеткізілгенін айтты.
Халықтың көптігіне қарап, жәрмеңке өте жақсы өтуде деп айтуға болады. Бүгін мұнда әсіресе ет өнімдеріне басымдық бердік. Мәселен, 1,5 тонна жылқы, 2,5 тонна ірі қара, 1 тонна қой етін алып келдік. Ауданымыз Зайсан көлінің жағасында болғандықтан, 1 тоннаға жуық балық өнімдеріде бар. Жәрмеңкеге алып келген азық-түлік, ет өнімдерін нарықтық бағадан 15-20 пайыз төмен бағада қала тұрғындары мен қонақтарына сатылып жатыр. Тарбағатай ауданының ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне облыс басшысы Даниал Кенжетайұлы да келіп, көрді. Казір ауданның кешенді даму жоспары жасалған. Барлығына 7,2 миллиард теңге бөлінбек. Сол жұмыстардың сапалы, әрі нақтылы орындалуын ШҚО әкімі бізге тапсырып, бақылауында ұстайтынын атап өтті, - деді Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев.
Жалпы, облыс орталығында аудандардың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен "демалыс күні" жәрмеңкелерін өткізу әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру және халықты орташа нарықтық бағадан 10-15% төмен бағамен сапалы және табиғи азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін оң әсер етуде. Ағымдағы жылдың басынан бері облыстың қалалары мен аудандарында барлығы 2,2 миллиард теңге сомасына 517 жәрмеңке өткізілді.