Жерлесіміз Азия чемпионатынан екі жүлде алып келді
Жақында Өзбекстанның Бұхара қаласында комбат джиу-джитсудан Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Қырғызстан, Түрікменстан, Үндістан, Тайвань және Қазақстан Республикасының сайыпқырандары қатысқан Азия чемпионаты өтті
Чемпионатқа әртүрлі салмақ дәрежесінде 500-ге жуық спортшы додаға түскен, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Солардың арасынан ҚР ҰҚК Шекара қызметі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің "Алтай" шекара бөлімінде әскери қызмет атқаратын кіші сержант Дәулет Аманұлы 57 келіге дейінгі салмақ санатында екі номинация бойынша екі рет қола жүлдені жеңіп алды.
Дәулет Үржар ауданы Жарбұлақ ауылының тумасы. Шығыстың әсем табиғаты аясында 6 жасынан бастап спортпен айналысқан бала Дәулет, "дзюдо" күресінің бапкері, Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері әкесі Аман Шариповтың жолын қуыпты. Ал оның атасы - самбодан әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Зекен Шаймарданов.
Ол алдағы уақытта Әзірбайжанда өткізілетін Әлем чемпионатына барады.