Әлімжеттікпен ақша бопсалаған ШҚО тұрғыны ұсталды
Глубокое ауданының тұрғыны әлімжеттікпен 20 жастағы жігіттен ақша бопсалаған
20 жастағы жәбірленушінің айтуынша, Березовка ауылының тұрғыны өзінің күшінің басымдығын пайдаланып, одан 500 мың теңге талап еткен, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері бопсалаумен айналысқан азаматтың заңсыз әрекетінің жолын кесу мақсатында кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген. Аталған фактіні Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Глубокое ПБ криминалдық полициясы бөлімшесімен бірлесіп анықтаған.
Полиция қызметкерлері ШҚО ПД арнайы жасақ қызметкерлерін тарта отырып жүргізілген операция барысында жарты миллион теңге аударылғаннан кейін күдіктіні ұстаған, ол тәртіп сақшыларын көргеннен кейін қашып, заттай дәлелдемелерден құтылмақ болып, жол бойына ақшаны лақтыра бастаған.
Қолға түскен уақытта ол өз кінәсін мойындаған, одан заңсыз әрекеттерін растайтын ақша тәркіленген.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Оның әрекеті 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаны көздейтін ҚР ҚК-ның 194-бабы 1-бөлігі (Бопсалау) бойынша сараланады, - деп атап өтті ШҚО ПД бастығының орынбасары Алмаз Төкенов.