ШҚО-да отбасылардың цифрлық картасы жасалып жатыр
1 қыркүйектен өңірде "Отбасының цифрлық картасы" жобасы пилоттық режимде енгізіле бастады
Онда отбасылардың әл-ауқатына қарай әлеуметтік кепілдіктердің барлық түрлері дербестендіріледі, деп хабарлайды Устинка LIVE.
Бұл жайлы ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы әлеуметтік төлемдер бөлімінің басшысы Бұлбұл Құсманова мәлімдеді.
Отбасының цифрлық картасын құрудың негізгі мақсаты – қиын өмірлік жағдайда қалған отбасыларды анықтау. Карта облыстың әлеуметтік портретін жасауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе арқылы отбасының материалдық, әлеуметтік жағдайын, табысын, өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын толыққанды білуге мүмкіндік бар, – дейді ол.
Бастапқы кезеңде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқатының деңгейін және оларға белгіленген мемлекеттік қолдау шараларын анықтау жұмыстары жүргізілді.
Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығын белгілеу кезінде азаматтарға қызмет көрсетуге келісім алу үшін SMS хабарлама жіберіледі. Осыдан кейін жәрдемақылар мен төлемдер тағайындалып, банктік шотқа аударылады. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 1 қыркүйектен бастап жаңа форматта 9 қызмет түрін алу мүмкіндігі қарастырылған. 2025 жылы мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылмақ, - деді Бұлбұл Құсманова.