Өскеменде комбайн отқа оранды
ШҚО өрт сөндірушілері өткен тәулікте тұрғын үйдегі өртті сөндіріп, комбайндағы өртті өшірді
12 қыркүйекте 16 сағат 38 минут шамасында Шемонаиха ауданының өрт сөдірушілері Геологическая көшесінде үйдің кіре берісі мен шатырындағы 50 шаршы метр аумақты шарпыған өртті жойды. Анықталғандай, электр сымдарында ақау шығып, үй шатырының ағаш құрылымдары тұтана бастаған. Кіре берісі жанып жатқандықтан тұрғындар есіктен шыға алмай, терезеден шығуға мәжбүр болған.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер лаулаған жалын арасынан газ баллонын дер кезінде алып шығып, тілсіз жауды тоқтатты. Өртті жоюға жеке құрамның 7 адамы мен 3 автоцистерна жұмылдырылды. Өрттің себебі – электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, - деп мәлімдеді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Ал 13 қыркүйекте таңғы 04 сағат 52 минутта Ново-Троицкое кентінде шаруа қожалығының аумағында тұрақта тұрған "Essil 750" комбайнының қозғалтқыш бөлшектері, салоны және дөңгелектері жанып кетті. Өрт аумағы – 25 шаршы метр. Өрттің шығу себебі анықталуда.
Өрт болған жағдайда шұғыл түрде 101 және 112 нөмірлеріне хабарлау қажет.